Елбасы қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады

0
441
2
Таңдай қақтырған қойылым, 3D шоу, Астана аспанын кернеген ғаламат әуен. Бүгін барша алаш жұрты ақ түйенің қарны жарылып, күн мен түн теңелген әз Наурызды тойлап жатыр. Түбі бір түркі еліне ортақ мейрамды қазақ халқы жаппай атап өтуде. Өзіндік ерекшелігі бар Наурыз тойын Елорда да ерекше сән-салтанатпен қарсы алды. Ұлыстың ұлы тойына арнайы келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықты құттықтап, жүрекжарды лебізін айтты. «Сарыарқа» велотрегінің іші бүгін спортшыларға емес, Наурыз тойын тамашалауға келген игі жақсыларға лық толды. Ұлт пен ұлысты ұйыстырып, шаттыққа бөлеген шараға еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін ағылып келіпті. Ұлыстың ұлы күні әз Наурызды мерекелеуге келгендердің саны мұнда 9 мыңнан асады. Көктемнің осы бір шуақты дүбірлі мерекесінің күллі мұсылман халқы үшін шоқтығы биік. Сахнада өнер көрсеткен жез таңдай әншілер мен мың бұрылған бишілер осы бір ұлық мерекеге ерекше дайындалғаны анық байқалады. Жаратылыс атаулыға жан бітіп, жан дүние жаңаратын мейрамда мемлекеттік би театры, қазақ ұлттық аспаптар оркестрімен қатар елордалық цирк әртістері де талайды таңдай қақтырды. Әуелеген әуендер Арқаның аршын төсіне әз жүріп, қазақтың дархан даласына Ұлыстың ұлы күні келгенін әйгіледі. Бір шаңырақ астында сүттей ұйып, бірлігі мен тірлігі жарасқан жасампаз халықты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлыстың ұлы күні Наурыз меркесімен арнайы құттықтады. Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: – Біз елімізде ақ тілек пен бірліктің арқасында тәуелсіздікті бірге орнаттық. Қазақстанды дүниежүзіне белгілі мемлекет еттік. Қандай қиын-қыстау заман болса да, бірге болып, бірлігімізден ажырамай, алға басып келе жатырмыз. Еліміз көркейді, елордасы дүниежүзіне белгілі болды. Болашақтағы біздің бағдарламаларымыз белгілі – 2050 жылға дейін өркендеп-өсіп дамыған 30 елдің қатарына кіру, «Нұрлы жол» бағдарламасын орындау, пәтер салу, денсаулық саласын нығайту, өндіріс пен ауылшаруашылығын, мәдениет пен халықты ағарту. Осының бәрін орындау үшін елдің бірлігі, сенімі өте қажет. Сондықтан осы жолдан таймай, саясатымызды жүргізетін болсақ, Қазақстанның болашағы бұдан да көркейіп, халықтың жағдайы бұдан да зор болады. Табысты болайық, аман болайық! Наурыз қуаныш, бақыт, береке әкелсін! «Наурыз – нұрлы жол» деп айдар таққан салтанатты шара мерекенің көрігін қыздыра түсті. Керемет кешке куә болған үлкен-кішінің бәрі көтеріңкі көңіл-күйін жасыра алмай, ақжарма тілегін ақтарды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәдени шара барысында Наурызға арналған этноауылдарды аралап, жеті түрлі дәмнен әзірленген наурызкөжеден ауыз тиді. Ақшаңқай киіз үйлерді қаз-қатар тіккен түрлі этнос өкілдері ұлттық киімдерін киіп, әз Наурызды жандандыра түсті. «Көктемнің жайма шуақ мерекесі елімізге тек жақсылық әкелсін» деген Президент «жұдырықтай жұмылсақ, алар асуларымыз әлі алда», – деп сөзін түйіндеді. Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: – Бүгін – көктемнің жарқырап тұрған күні. Қыс бітіп, жылу келіп, табиғаттың тіріліп, барлығы қуанатын кез. Осы кез біздің дәстүрлі ұлы мерекеміз – Ұлыстың ұлы күнінетура келеді. Ата-бабабыздың дәстүрі бойынша бір-бірін кешіріп, ағайындар келер жылға дейін бір-біріне жақсылық, бақыт тілейді. «Ел аман, болсын жұртымыз тыныш болсын» дейді. Еліміздің түкпір-түкпірінде Наурызды тойлап жатқан барлық ағайынға сәлемімді жолдаймын. Алдымызға қойған мақсаттар, бағдарламалар орындалады. Наурыз құтты болсын! Тарихи тамыры тереңге бойлаған Наурыз қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің бастамасы. Ержан Айтуаров, хореограф: – Наурыз мерекесі құтты болсын, ұлыс оң, ақ мол болсын! Бүкіл қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтай отырып, барлық жақсылықты тілегім келеді. Тыныштық болсын! Әз Наурызға арқа-жарқа болған барша халықтың мақсаты ортақ, асқақ арманы бір екені анық аңғарылды. Авторлары: Елдар Бақпаев, Бахтияр Ырза, Президент Телерадиокешенінің көмегімен

Источник: http://www.24.kz/kz/zhanalyktar2/basty-zha-aly-tar/item/55104-tty-tady

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз