Жапонияда да күн мен түннің теңесу мерекесін тойлап жатыр. Хиган деп аталатын мейрам VII ғасырдың басында пайда болған. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жаңа заң шығып, атаулы күн ресми сипатқа ие болды. Биыл ол 67-рет аталып өтеді. Күн мен түннің теңесу мерекесін жапондықтар 20 немесе 21 наурызда атап өтеді. Нақты қай күні тойланатыны ақпанның басында, астрономиялық есептер жасалғаннан кейін белгілі болады. Бұл күні жергілікті халық шіркеуге барып, туыстарының рухына арнап дұға оқиды. Щоэй Мацуока, шіркеу қызметкері: – Мына заманда адамдардың қолы босай бермейді. Күйбең тіршіліктің қамымен жүріп, тума-туыстарыңды ойлауға да мұршаң келмейді. Ал Хиган мейрамы өмірден өткен жақындарыңды еске алатын бірден бір мереке. Діни рәсімдер елдегі барлық шіркеулерде өткізіледі. Бұл күні халық демалады. Хиганды ресми түрде тойлау 67 жыл бұрын басталды. Бұл мейрамның рөлі жыл өткен сайын артып келеді. Фумиэ Щумидзу, Токио қаласының тұрғыны: – Біз екі мейрамды тойлап жатырмыз. Бүгін менің ұлыма 1 ай толды. Сондықтан біз шіркеуге келіп бата жасауды жөн көрдік. Ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүрді болашақ ұрпақтың бойына сіңіру керек. Сондықтан Хиган сияқты мейрамның маңызы зор. Тощими Саката, Ичихара қаласының тұрғыны: – Бұл күн мен үшін ерекше. Көктемнің келуімен айналамыз жаңарып, бойыңа қуат бітеді. Жапондықтардың күн мен түннің теңесу мерекесінің күллі түркі әлемі тойлайтын Наурызбен ұқсастығы көп. Өйткені әрбір отбасы мейрамға барын салып дайындалады. Әр үйде мол дастархан жайылып, келер күннен жақсылық күтеді. Авторлары: Жадыра Медетбек,Айгерим Уразалиева
Источник: http://www.24.kz/kz/zhanalyktar2/lemde/item/55194-tojlauda