Орал қаласында орхидеяның 90-нан астам түрін өсіріп, гүлдің бабын табатын бағбан тұрады. Наталья Яковлеваның бағындағы өсімдіктер жыл он екі ай гүлдеп тұратындығымен ерекшеленеді. Бастапқыда сүйікті ісі ретінде ғана айналысса, қазір бұл кәсіпті отбасылық бизнеске айналдырған. Тропикалық өсімдіктердің әдетте ылғал мен көлеңкені сүйетіні белгілі. Сондықтан оны суарып тұру қажет деп отыр Наталья Яковлева. Гүл өсірушілер отбасы өз күшімен жасақтаған жылыжайдағы бір шағын субұрқақтың жанына жиі жиналып тұрады. «Бастапқыда кәдімгі шегіргүлдің 500-ге тарта тұқымын өсірдім. Ол – аса кірпияз өсімдік. Бір күні күйеуім маған орхидея гүлін сыйлады. Сол күннен бастап алуан түстердің үйлесімі мені әркез ынтықтырып тұратын болды», – деп түсіндірді гүл өсіруші әйел. Наталья Яковлева, гүл өсіруші: – Кейбір адамдар марка жинағанды ұнатады. Ал кейбіреулері картиналарға құмар. Маған осы орхидеяның топтамасымен айналысқан өте ұнайды. Өйткені бұл мен үшін өте қызық, сүйікті кәсібім десем болады. Қыста далада үскірік аяз болғанда гүлдер бүршік жара бастайды, бұл да өзінше бір тамаша құбылыс дер едім. Орхидея ерекше күтімді қажет етпейді. Он күнде бір-ақ рет суарса жеткілікті. Тіпті топырақтың да керегі шамалы. Гүлдің күн сәулесінің қуатын сіңіруі нәтижесінде күрделі органикалық заттектер түзу үдерісі жапырағында емес, тамырында өтеді. Сондықтан мөлдір құмырада өскені дұрыс. Анастасия Яковлева, бағбанның қызы: – Бұл – менің анамның маңдай тері. Ол көп уақытын осы гүлдерді өсіруге жұмсайды. Біз жаңа сұрыптарды, әзірге табиғатта кездеспейтін түстерді табуға тырысып келеміз. Әрбір гүлдің жаны бар. Сондықтан оны қалай баптап, күтсең, ол да соған орай өсіп-өнеді. Сүйікті кәсібің отбасыңа табыс әкелсе үлкен қуаныш болып табылады. Натальяның күйеуі Юрийдің мамандығы металл құюшы болатын. Кейін зайыбының тілегін орындап, ұсталықты меңгерді. Ауладағы гүлзар мен жылыжайды өз қолымен жасады. Қазір отбасы ландшафтты дизайн жасаумен, аулалар мен саябақтарды безендірумен айналысады. Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Руслан Ғазезов, Қанат Махмутов
Источник: http://www.24.kz/kz/zhanalyktar2/o-am/item/55346-y-ba-ban