ҰЯТ ТА БОЛСА, ҰЙҚАС ЖАЙЛЫ АЙТАЙЫҚ!..

0
1392

poezia

Бұл жазбамыздың «жанрын» өзіміз де анық түсінбейміз. Қалам алуға түрткі болған жалғыз ғана себеп – оқып шығуға шыдамы жетер сабырлы оқырман табылса, айтқандарымыздың арасынан Оның кәдесіне жарап қалар бірдеңе кезігер деген «дәме». Сондықтан Сіз де жазуымыздың кедір-бұдыр тұстарына кеңдікпен қарап, ара-тұра әрлі-берлі кетіп қалып жатсақ, «мұнысының да әлденеге қатысы бар шығар» деп ойлай салыңыз.
Жалпы, поэзияға байланысты алуан тарапта ой өрістете беруге болатынын Өзіңіз де білесіз. Әйткенмен, біздің жазбамыз ұйқасты ғана төңіректемек. Неге олай екенін түсіну үшін қазіргі поэзиямызға тікелей қатысы бар қаламгерлер мен поэзияны айналсоқтап жүргендердің өзін екі топқа жіктеп тастау қажет боп тұр. Бір қызығы, біздің бұл жіктеуімізде ешқандай ғылыми тиянақты негіз жоқ. Бүгінгі поэзиядан өз орнын алып қойғандар мен сондай орыннан дәмелілерді және дәмеленуден де дәмесі жоқтардың (халтурщиктер) бәрін нақты уақытқа байланысты, яғни поэзияға тәуелсіздікке дейін келгендер және тәуелсіздіктен кейін араласқандар һәм араласып жүргендер деп бөле саламыз. Бұлай етудің «ұйқасқа қандай қатысы барын» аңдау үшін өткен ғасырдан аз-маз «естелік» айтуға мәжбүрміз.
Сол дәуірдің жетпіс-сексенінші жылдары газет-журналдарда жарияланған сындарға арқау болған немесе қаламгерлердің жиындарында талқыға түскен поэзиялық дүниелердің жетістіктері мен кемшін тұстары қатар көрсетілетін. Үлкені-кішісі аралас авторларға айтылған кемшіліктердің ең сорақысы кітап ішінде немесе автордың бір ғана өлеңінде әлдебір ұйқастың қайталанып кетуі болатын. Ал қайталанған ұйқас басқа бір ақыннан «байқамай алынып қойған» болса, ол «ұрлық» саналатын. «Ұрлығы» әшкереленіп қалған автор «ел алдында күнәһарлығы ашылған қарабеттей» күстәналатын. Бүкіл оқырман оған сенімсіздікпен қарап, редакторлар оның кейінгі жазғандарына шүйліге үңіліп, оның ақындығына шүбә туатын.
Осы жәйттің өзі ұйқастың қазақ поэзиясында үлкен миссия атқарғанын, поэзиядан үмітті жанның абыройын асқақтатуға да, керісінше, өлең өлкесінен безініп кетуіне де зор ықпал еткенін танытса керек. Ұйқастың осыншалықты құдыретті күші тәуелсіздікке дейінгі ақындар санасында әбден шегеленіп қалғандықтан, олардың қай-қайсы да ұйқастан мүлт кетпеуді мейлінше құнттайтыны түсінікті. Жоғарыда біздің қазіргі поэзия өкілдерін нақты уақыт шекарасында жіктеп тастауымыздың бір себебі де осы жәйтке байланысты. Демек, біздің бұл жазбамыздың бағыты қалай қарай бағдар алып тұрғанын аңғару да қиындық туғыза қоймас.
Поэзиялық туындының бойында болуға тиісті неше алуан сипаттар мен қасиеттердің арасынан ұйқасқа айрықша назар аударып, бөле-жара сөз етуіміздің сыры неде?
Сөз өнерінің жаратылысын танып-білуді ғұмырлық мақсаты етіп, сол себепті әдебиеттің ерекшеліктерін жіктеп-жіліктеп, мүшелеп, олардың әрқайсына көз майын тауыса үңіліп, тапқандарын Сіз бен бізге жеткізіп кеткен талай-талай ғұламаның ойлары түйісіп, ортақ шешімге келген тұстары бар. Ондай тұстарға күмәндана қарап, шәк келтіру кім-кімге де абырой әпере қоймайды. Сондықтан бізге ондай тұжырымдарды бұлжымас қағида ретінде қабылдап, өз әрекетімізде басшылыққа алу ғана қалады.
Басшылыққа алатын түйіндердің бірі – жаһан жұртында ғасырлар бойы қалыптасқан поэзия үлгілерінің әрқайсысы белгілі бір жүйелерге бағынатыны. Ол жүйелердің бәрін бізге дейінгі теория зерттеушілері тәртіштей түсіндіріп кеткендіктен, өзімізше білгішсінбей-ақ, қазақ поэзиясының силлабикалық өлең жүйесіне жататынын, сол себепті осы жүйенің негізгі-негізгі шарттары қазақ өлеңінде сақталуы міндеттілік екенін еске салумен шектелейік.
Ал силлабикалық өлеңнің негізгі жүгінері – ырғақ пен ұйқас. Осының ішінен біздің ұйқасқа баса ден қоюымыздың себебі – ұйқассыз қазақ өлеңі болмайтындықтан. Әлбетте, ақ өлең, экперименттік өлең үлгілері басқа мәселе. Ақиқаттан аттамайық, Абайдан бергі кезеңдерде эксперименттік өлең үлгілері ұшырасып тұрады. Әлі де бола бермек. Әйткенмен, солардың қай-қайсы да әлдебір ақынның жаңашыл ізденістері ретінде танылып, бағаланғанымен, дәстүрлі үлгі ретінде орныға қалмағаны да анық.
Қазақ поэзиясында ұйқастың бірнеше түрі бар. Олардың әрқайсын А.Байтұрсынов, З.Ахметов, З.Қабдоловтар өз еңбектерінде дәлелдеп, дәйектеп, бір-бірінен ажыратып, түрлі мысалдар арқылы әбден түсіндіріп берген. Осы тұста қазақ өлеңіне тән ұйқас түрлерін білуге құмартқандар табылып жатса, оларға осы авторларды қарауға кеңес беріп, біздің өзіміз қай-қайсымызға да жақсы таныс «қара өлең ұйқасымен» шектелуді жөн көрдік. Бұл ұйқас бойынша, өлең шумағын құрайтын төрт жолдың (тармақтың) үшеуі жымдаса ұйқасып жатуға тиіс.

3,2
Әлдебір ақынның яки топтың жақтаушысы саналып кетпеу үшін, қазіргі қара өлең ұйқасының жақсы бір мысалын айтыстан алуды жөн көрдік. Ескерте кетейік, өз тарапымыздан біз ешқандай мәселеге көңіл бұрмай, тек ұйқасқа ғана назар аударамыз.

Жан бар ма замананың жайын аңдар,
Мұнымды бәдіктікке сайымаңдар.
Боз биенің сүтіне шомылушы ед,
Шампанға шомылып жүр байығандар. (Айбек Қалиев).

Мінсіз ұйқастың бір үлгісі – осы. Ұйқасты түзіп тұрған «жайын аңдар», «сайымаңдар», «байығандар» деген сөздердің әлдебірінің арасына бір дыбыс кіріп кеткен жағдайда бұл ұйқастың сыны бұзылар еді.
Демек, өлеңнен әбүйір тапқысы келген адамға қойылар ең бірінші және негізгі талап – ұйқасының мінсіз болуы.
Ал, «өнер үйрен – қатар меңгер – әсте жирен» деген сияқты, әр сөзі әр жаққа ала қашып тұрған «ұйқастар» түгілі, «көгімнен – төгілген – өзіңнен» деген іспетті ұйқастардың өзі біздің поэзия үшін кешіруге болмайтын кемшілік саналуға тиіс және ұйқас тұрғысынан мұндай «кемістігі» бар «дүниелердің» қазақ поэзиясының табалдырығынан аттамақ түгілі, жабығынан сығалауға да хақысы жоқ.
Поэзиямыздың даму жолында бір, екі буыннан тұратын ұйқастар болған. Қазір де әредік ұшырасып қалады. Алайда өзін өзі қадірлейтін қазақ ақынының қай-қайсы да бір, екі буынды ұйқастармен өлең жазуды өзіне ұят санайды. Бүгінгі поэзиямыз үшін үш буынды ұйқас дәстүрлі үлгі болса, төрт буынды ұйқас – қалыпты жағдай. Бес буынды ұйқас та қазір таңсық бола қоймайды. Өйткені бүгінгі қазақ ақындары алты буынды ұйқастарға да «кет әрі» емес. Олай болса, ақын аталғысы келген жанның бүгінгі ұйқасы, кемінде, үш буынды болуы ләзім.
Әрине, ұйқас – қазақ өлеңіне қойылар бірден-бір жалғыз талап емес, бірақ ең маңызды, ең шешуші талап екені даусыз.
Мінсіз ұйқас – шеберлік көрінісі, сонымен қатар, автордың тіл байлығының айғағы. Себебі тілі жұтаң автор өзіне белгілі сөздердің ауқымында ғана айналшықтай бермек. Аңдасаңыз, ұйқасқа назар аудар отырып, автордың қабылетін және оған тән сөздік қор байлығын бағамдауға болады екен.
Ұят та болса, айтайық, тәуелсіздікпен ілесе келген поэзия өкілдерінен орашолақ ұйқастарды ұшырастыру қиындық келтіре қоймайды. Алайда біз түрлі басылымдар мен жинақтарды, сайттарды емін-еркін жайлап алған олпы-солпы ұйқастарды теріп алып, авторларының атын атап, өлеңдерін түстей көрсетіп, улыған-шулыған туғызуды мақсат еткен жоқпыз. Біздің көздегеніміз – «өлеңге таласы бар» жанның, бірінші кезекте, өзіне өзінің сын көзімен қарауы қажеттігін еске салу. Ағайын-туғанның дақпыртымен, айналасында жүргендердің дәріптеуімен ешкімнің ақынға айналып кетпейтінін және кемшілігі бадырайып тұрған дүниенің түбінде бір опық жегізетінін ескерту.
Абыройға жеткізетін нәрселердің бірі білім болса, келесі бірі – еңбек. Білім шексіз, еңбек толассыз. Поэзияға байланысты білімді құрайтын мәселелер де сан алуан. Біз солардың бірі – ұйқасқа байланысты ғана кейбір жәйттерді сөз еттік.
Өлеңді өміріне серік етуді мақсұт тұтқан іні-қарындастарымыздың қай-қайсының да атын атап, кемшіліктерін бадырайта көрсетіп, жандарына жара салғымыз келмеді. Алайда бұл – жақсы ұйқас туғызуға да дәрмені жетпейтіндер ұлттық поэзиямызға ентелеп ене беруіне көз жұмып қарауға болады деген сөз емес.
Жазбамыздың соңына қарай біздің айтқымыз келетіні мынау: Ұлттық поэзиямыздың бүгінгі кезеңдегі көшін бастап жүрген аға буын ұйқасқа немқұрайдылық танытып жатса, ондай жағдайда «тұз сасыса, не себеміздің» керін құшқан болар едік. Ондайдың беті аулақ!
Ал, жас жағынан отыздың арғы-бергі жағында жүргенімен, жазып тастағандарының саны мен көлемі жағынан кейбіреулері Мұқағали ақыннан да асып кеткен кейінгі буын өз жазғандарының ұйқасына, ең әуелі, өздері зер салып, қайталана беретін немесе өзінен бұрын жазылған өлеңдерден «көшіп келген» ұйқастар кезігіп жатса, солардан арылу қажеттігін ұққаны орынды болар еді. Өйткені ақын бірінен-бірі аумайтын сарыала балапандарды шығара беретін инкубатор емес.
Ал, бауырым, сөз соңында Өзіңе сұрақ: осыған дейін жазып үлгерген дүниелеріңе ұйқас жағынан ғана сынай қарап, бірді-екілі болса да, жоғарыда біз айтып өткендей міні барларынан бой тартуға шамаң жете ме? Олай ете алған жағдайда Сен қазақ поэзиясын әлжуаз жазулардан арылтуға өлшеусіз үлес қосқан болар едің және болмысыңа әшейін атақ шығару емес, шын мәнінде, ұлттық поэзияға адал ниетпен қызмет ету тән екенін айғақтар едің.
Ал, біз болсақ, өлеңге қойылар талаптардың кейбірін алдағы уақытта тағы да ортаға салып, ой бөлісуге уәде берер едік. Сөйтіп-сөйтіп, Сіз бен біз ортақ тіл табысып, мақсатымызды ұштастырып, бірінен-бірі аумайтын «өлең пішіндес дүниелерден» қазіргі поэзиямызды сейілтіп алуға септесер ме едік, кім біледі? Ең абзалы, Ұлы мәртебелі поэзиямыздың көркемдік сапа тұрғысынан жоғарылауына жол таба алар ма едік?!. Әйтпесе, жалған дақпырт етек алып бара жатқан сияқты ма, қалай өзі?!.
Ақындықтан үмітті әр адам білуге тиісті қарапайым мәселе – ұйқас жайын, ұят та болса, сөз етуіміздің сыры да осыған байланысты.

Кенжебай АХМЕТОВ

«Қамшы» сілтейді

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз