АҚШ-тың ядролық қару саясатына байланысты Солтүстік Кореяның мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары президент Барак Обамадан 2009 жылы иеленген Нобель сыйлығын қайтаруын талап етіп отыр. Бұл туралы Rodong Sinmun солтүстіккореялық газетіне сілтеме жасай отырып UPI агенттігі хабарлады. Басылым Барак Обаманы БҰҰ-ның Ядролық қарусыздану жөніндегі келісімін бұзды деп айыптады. Атап айтқанда, Ақ үй басшысы биылғы наурыздың басында БҰҰ Ядролық қару келісімінің 45 жылдық мерейтойында Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын қарусыздануға шақырған мәлімдемесін жариялаған болатын. Солтүстік Корея ақпарат құралдарының мәліметі бойынша, бүгінгі күні АҚШ-та 2 мың 900 ядролық оқтұмсық бар. «Бұл дегеніміз – нағыз сандырақ әрі екіжүзділік. Адамгершілікке жасалған қастандық. Осыншама қауіпті қару қорымен АҚШ ядролық соғысқа дайындалып жатыр» деп жазды Rodong Sinmun. Басылым сондай-ақ БҰҰ келісіміне сәйкес, 2021 жылға қарай АҚШ пен Ресей өздерінің ядролық оқтұмсықтарының тең жартысынан арылуы қажеттігін де атап өткен. «Барак Обама бір кездері бейбітшілікке қосқан үлесі үшін еншілеген Нобель сыйлығын кері қайтарса, бұл оның жалған ақмақтықты жеңу жолында жасаған жақсы қадамы болар еді» деп келтіреді солтүстіккореялық БАҚ. Авторы: Жігер Сәрсен
Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/lemde/item/55505-ajtarsyn