Президенттіке үміткер Жарылқап Қалыбай туралы “жұлдыздар” не дейді?

19
72

juldyzdar

Ақбота КЕРІМБЕКОВА, әнші:

– Жарылқап Қалыбайды өз ісінің майталманы ретінде жақсы білемін. Бұл сайлауда Елбасының өзі сайланатыны белгілі ғой, дегенмен сайлауға қатысуға кім-кімнің де хақысы бар деп ойлаймын. Жарылқап ағаның билікке ел-жұрттың проблемасын жеткіземін деуі – құптарлық іс-ақ. Елдің қамын ойлайтын азаматтардың билік басына келгеніне шын қуанамыз.

Саят МЕДЕУОВ, әнші:
– Мен Жарылқап Қалыбайдың Президенттікке үміткер болуына қарсы емесіпін. Мұны «дұрыс емес» деп қабылдаудың қажеті жоқ. Әркім өз шамасын біледі ғой. Мысалы, мен өзімді Президенттікке ұсына алмас едім деген секілді. Жарылқап ағаның білімі, өрісі жетіп, «ұлттың талап-тілегін билікке жеткіземін» деп тұрса, онда неге өзін Президенттікке ұсынбасқа?

Меруерт ТҮСІПБАЕВА, әнші:
– Жарылқап Қалыбайдың президентікке үміткерлікке сайлауға қатысып жатқанын қолдаймын. Өйткені Жарылқап Қалыбай – елімізге танымал азамат. Екіншіден, өте мықты, сауатты журналист. Журналистер – халық пен биліктің ортасындағы алтын көпір. Егер журналист қарапайым халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, жанайқайын билікке жеткізбесе, кім жеткізеді?! «Төртінші билік өкілдері» деп журналистерді айтады ғой. Қазір, өкінішке қарай, ұсақ-түйек, өсек-аяң жазғыш журналистер көбейіп кетті. Жарылқап аға – бұрынғы аға буын журналистердің бірі. Сондықтан оның президенттікке үміткер ретінде тіркеліп, халықтың мұң-мұқтажын жеткіземін дегені жас журналистерге үлгі болуы керек. Осы орайда ол кісінің бастамасын қолдаймын!

Алтынай ЖОРАБАЕВА, әнші:
– Халықты ойлаған әрбір азаматтың «елім» деп соққан жүрегінен айналып кетесің ғой. Өйткені ата-бабамыздың қасық қаны қалғанша күресіп алып қалған жерін көркейтіп, ұрпақтың өсіп-өнуіне кішкене болса да ықпалы тигені жақсы. Жарылқап ағайдың президенттікке үміткер ретінде тіркелгенін басында түсінбей қалдым. Сөйтсем, ол кісінің көздегені халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру екен ғой. Әрине, ондай азаматтардың барына қуанамыз.

Жазира БАЙЫРБЕКОВА, әнші:
– Біздің елде халықтың сөзін сөйлейтін азаматтар өте аз. Сондықтан Жарылқап Қалыбайдың «осы сайлауды пайдаланып, халықтың әлеуметтік жағдайын, талап-тілегін, мұң-мұқтажын билікке жеткізсем» деген ойы маған ұнады. Сол себептен ол кісіні қолдаймыз. Ұлтын, елін сүйетін азаматтардың бас көтергені, шынында да, бізді қуантады.

Мақсат БАЗАРБАЕВ, әнші:
– Шынын айтқанда, біз саясатқа мүлдем араласпаймыз. Сондықтан Жарылқап Қалыбайдың сайлауға қатысатыны туралы пікірімді айтпай-ақ қояйыншы. Себебі бізге «звонок» келді. Алдын ала ескерту жасалды.

Гүлмира АҚҮРПЕКОВА, әнші:
– Мен саясатқа араласқанды ұнатпаймын. Әр азаматтың өзін кандидаттыққа ұсынуына құқы бар ғой. Жарылқап аға емтиханнан өткенін жаңалықтардан естідім. Әртістерді халық «өте бай, жағдайы жақсы» деп ойлайды. Үнемі көмек сұрайды. Сондықтан Жарылқап аға осы сайлау додасы арқылы халықтың әлеуметтік жағдайын көтергенін қалаймын. Президенттің де негізгі мақсаты – халықтың жағдайын жақсарту ғой, сол жолда жұмыс істеп жатыр. Жалпы, халқын ойлайтын азаматтардың көп болғанын қалаймын.

Тамара АСАР, әнші:
– Ж.Қалыбай – өте іскер адам. Ол кісі – жоқтан бар жасаушы, ұлтшыл азамат. Әрине, президенттікке қол жеткізу қиын, бірақ бұл мақсаты құптарлық іс.

Топтастырған Нұргелді Әбдіғаниұлы

«Қамшы» сілтейді

19 ПІКІРЛЕР

  1. Звезды – это хорошо, но, не то. Калыбай аппеллирует ко всему казахскоязычному электорату, надо бы узнать мнение казахской творческой интеллигенции.

  2. Эстрада жұлдыздары Жарылқап Қалыбайды жақсы танып, шығармашылық тұлға ретінде біледі. Бірақ саясаткер ме? Оны білмейді.

  3. Сайлауға түсуге әркімнің құқығы бар. Саясатпен де ептеп айналыса жатар. Бірақ жұртым дейтін азаматтың бірі Жәкең!

  4. Саясатпен шұғылданып жүрген жанның бірі емес пе? Меніңше бекер емес сайлауға түсетіні.

  5. Кімнің сайлауға түсетіні, президенттен үміткер екені сіздерге қызық пе? Жұлдыздар да сөзбен мақтай береді.

  6. Саят та,Меруерт те,Ақбота мен Гүлмира да өтірік мақтай береді. Кімнің кім екенін сайлауда көреміз. Президет болу үшін жазумен шұғылданатын емес, саясатпен айналыса білетін болу керек.

  7. Неге Жарылқаптың саясатпен болмаса басқамен айналысатынын жарыса жазып отырсыңдар. Сайлауда бәрі анықталады. Сабырлы болыңдар.

  8. Жарылқап аға өте сыпайы, сауатты адам ғой. Құдай қазағым үшін жарылқан берген пенденің өмірде жолы болсын!

  9. Не де болса Жакең ерлеп тұр, сайлау қалай болар екен деп терлеп тұр. Алға ағасы!

  10. Жұлдыздардың бірі патриот, бәрі мықты болғанымен, саясат жағынан 0 деген баға беремін. Жарылқап өзі шешеді мәселесін.

  11. Іскері ікер шығар, бірақ Президент түрінде мүлдем бұл кісіні көрмеймін!

  12. Әрине Қалыбай мырзаның ізгі ниетін түсінеміз, бірақ ел басқару ісінде ешқандай тәжірибесі жоқ. Ал Елбасының ұсынған реформалары халық көңілінен шығып отыр.

  13. Бұл кісінің нақты бағдарламасын көрмедім, ал халыққа жақсылық жасауды әркім де ойлары анық.Ойлау оңай, ал сол ойды іске асыру қиын ғой.

  14. Осы әншілерден басқа адам жоқ па, қарапайм мұғалім, дәрігер, ұста секілді адамдардан неге сұрамасқа???

  15. Осы жердегі жұлдыздардың жүрмейтін жері жоқ екен, олардың осындай дәрежеге жетіп жүргені кімнің арқасы екен???

  16. Қызық Максат мырзаға қандай звонок түсті екен, әлде ол кісінің саясатқа қатысы бар ма

  17. Жарылқап мырзаны қолдаушылар сол журналдың айналасындағы жұлдызшалар шығар.

  18. Елжанды азаматтар көп қой, бірақ елдің басын біріктіріп оны сауатты басқару бөлек әңгіме.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз