23 наурыз. Qamshу.kz – Қырғызстан Республикасы Конституциясының тіл туралы тармағына бірқатар өзгертулер енгізілуі тиіс. Соның ішінде бірінші кезекте мемлекеттік орындардағы «ресми» тілдің қолданылуы аясын тарылту керек. Бұл туралы бүгін Қырғыз Республикасы мемлекеттік тіл жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы Эгемберди Эрматов журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді.
Ұлттық комиссия төрағасы Қырғызстан Республикасындағы мемлекеттік орындарда, министрлер кабинеті мен Үкімет сағаттарында ҚР мемлекеттік тілі – қырғыз тілі тасада қалып, шенділердің көбінесе ресми тілге жүгінетінің сынға ала отырып, Қырғызстандағы қырғыз тілінің статусын көтеру үшін Конституцияға өзгерту енгізу қажет деп есептейді. Себебі, қазіргі ҚР Конституциясының тіл туралы тармағында меморындарда ресми тілдің дәрежесі мемлекеттік тілден жоғары тұрады. Осыны желеу еткен шенділер мемлекеттік жиындарда және Үкімет сағаттарында қырғыз тілінде емес, орыс тілінде сөйлейді.
«Біз жақын арада заңға өзгерту енгізбесек, министрліктер мен мемлекеттік мекемелерде мемлкеттік іс жүргізулер тек ресми тілде жасалатын болады. Бұл бірте-бірте ана тіліміз – қырғыз тілінің жойылу қауіпіне әкеліп соқтырады.Қазірдің өзінде мемлекеттегі іс жүргізу процестері ресми тілде жүргізіледі. Себебі, Конституцияда солай жазылған. Оған біз еш шара қолдана алмаймыз»,-дейді Эрматов.
Алайда Қырғыз Республикасының Конституциясына өзгертулер енгізу үшін, елде референдум өткізілуі тиіс. Аталмыш референдумда осы бастаманы қолдаушылардан 300 мың адамның қолы жиналуы тиіс. ҚР негізгі заңына референдумсыз өзгертулер енгізу мүмкін емес. Себебі, 2020 жылға дейінгі бекітілген мораторийге сәйкес, қандайда біз өзгерту жасау үшін міндетті түрде референдум өткізілуі тиіс делінген.
Нұрзат Тоғжан
«Қамшы» сілтейді