Бүгін Сингапурдегі Парламент ғимаратында елдің тұңғыш премьер-министрі Ли Куан Юмен қоштасу шарасы басталды. Арнамыздың Сингапурдегі меншікті тілшісі Айнұр Бердібайдың хабарлауынша, наурыздың 25-і таңғы уақытта әлемге танымал саясаткер Ли Куан Юдің денесін Сингапур президентінің ресми резиденциясы Истанадан Парламент ғимаратына алып келген. Аталған ғимараттың алдына еліне еңбегі сіңген көшбасшысымен қоштасу үшін қабырғасы қайысқан қала тұрғындары таң атысымен жиналып, кезек алды. Экс-премьер министрмен қоштасу рәсіміне келген дүйім жұрт ішке енген соң, соңғы сапарға аттанған басшыларына бас иіп құрмет көрсетті. Айта кетейік, Сингапурдің негізін қалаушы, 31 жыл бойы елді басқарған тұңғыш премьер-министр Ли Куан Юмен қоштасу рәсімі 25 наурыздан 28 наурызға дейін жалғасады. Жерлеу рәсімі наурыздың 29-ына жоспарланып отыр.
Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/lemde/item/55673-bastaldy