Кәрімовтың мұрагері кім?

0
44

Өткен жолы Ислам Кәрімовты «Кремльдің адамы» деп атаған өзбек оппозиционері Сафар Бекжонмен әңгімелескенбіз. Сол сұхбат біраз жерге жеткен сияқты. Аптаның басында бізге Өзбекстанның өз ішінде танымал қоғам қайраткері Абдусалом Ерғашев хабарласты. Бұл кісі бір кезде Өзбекстандағы «Эзгулик», Адам құқығының тәуелсіз тобы сияқты ұйымдардың  төрағасы болыпты. Қазір Ферғанада тұрады.

– Сіздерде де сайлаудың жыры ма?

– Әзіргі Өзбекстандағы сайлау алды науқанға қарап отырып, мынадай тоқтамға келдім: ештеңе өзгерген жоқ. Сайлау өткізудің «сәбеттік» технологиясы сақталған, сақтала да береді. Ендеше, сайлаудан кейін де ештеңе өзгермейді деген сөз.

– Кәрімов сырқаттанып қалды дей ме?

– Өзбектің қартайған, қаусаған президенті ертең күрт сырқаттанып, төсек тартып жатып қалмаса, билік ауыспайды. Сосын Сафардің біраз сөзімен келіспеймін. Өзбекстандағы қандай да бір саяси жағдай тұтас Орта Азияға әсер етпейді. Бос әңгіме бұл. Өйткені, Кәрімов өзіне қарсы күштерді (оппозицияны айтамын) бесігінде тұншықтырған, ол өлерінің алдында  билікті өзіндей біреуге тапсырып кетері анық. Бұл тарапта Сафардың «Кәрімов өз креслосында өлетіндердің бірі» деген сөзімен келісемін. Ендеше, ертеңгі күні оның орнына келетін адам Кәрімов салған жолды жалғастырады. Оны «Кәрімов-2» деп атайтын боламыз.

– Дегенмен, бәрі мүмкін ғой…

– Иә, президентті ауыстыру штаттан тыс жағдайда, былайша айтқанда, аяқасты жүргізілетін болса, мұның нәтижесі мен айтқаннан бөлек болуы мүмкін. Мәселе бұл мүмкіндікті қоғам қалай пайдаланады? Осы уақытқа әр түрлі криминалды, радикалды, діни топтар, тіпті, бұған дейін белгісіз болып келген оппозиционерлер «емгирдан кейинги замборуклардай» (жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай) қаптап кетуі мүмкін.

Егер билік жағдайды 1-2 күннің ішінде бақылауға алмаса, мұның арты хаосқа ұласады. Мұның ұшығы Қазақстанға да жетеді…

Өз басым, сіздерге қазіргі шовинистік Ресей билігінен қауіп көп деп ойлаймын. Олардың «Ресейден тыс жерде өмір сүретін орыстілділерді қорғау» деп аталатын ұраны аса қауіпті. Бұл – арандату.

– Кәрімовтың тағына таласушылар жоқ дейсіз, Ислам ака өз мұрагерін әлдеқашан анықтап қойған болар?

– Өзбек басшының орынтағын талқылау бізде жабық тақырып.  «Кәрімовтың орнын кім басады?» деген сауалға жауап беру, бұған қатысты болжам жасау қиын. Бірақ ел құлағы – елу. Сафар алыста тұрады. Сондықтан, мұндағы жағдайды жақсы білмеуі мүмкін. Ел: «Ертең Кәрімовтың орнына бірінші вице-премьер Рустам Азимов келеді» дейді. Бұған Кәрімовтың те басы қатып жүр, білем. Бірақ, барлық диктаторларға тән мінез: ол өзінің осы орайдағы кадрлық саясатымен бөліскенді жөн көрмейді.

– Сіздерде оппозиция бар ма?

– Бізде оппозиция жоқ. «Өлген». Әлдеқашан. Өзбекстанды демократиялық елдердің қатарына қосамыз деп тыраштанғандар (бұдан басқа теңеу таппай отырмын) елден қуылды. Елде қалғандары әлсіз. «Ақсақ-тоқсақ». Олар әлдеқандай болса қалса, қандай іс-шара өткізу керектігін білмейді. Ал халық бұл тарапта мүлде сауатсыз. Кәрімов сөз бостандығын бесігінде тұншықтырған деп ілгеріде айттым ғой.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Думан БЫҚАЙ

www.dalanews.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз