Қазақ жігіті әлемді велосипедпен шарлап шықты

0
97

 

Жер жүзін велосипедпен шарлап жүрген қазақстандық Мағжан Сағымбаев Наурыз мейрамын Қытайда қарсы алды. Ол үш құрлыққа саяхаты туралы баяндап берді.

Қазақ жігіті әлемді велосипедпен шарлап шықты

27 жастағы Мағжан Сағымбаев велосипедпен 2014 жылы 1 мамырда 28 мың километрлік жолға шығып, Еуразия, Солтүстік және Оңтүстік Америка және Австралияға Bike The Earth деп аталатын саяхатын бастаған. Ол велосипедімен Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан арқылы Иранға өтіп, кейін Еуропаға жеткен. Еуропадан Америкаға ұшақпен жеткен Мағжан Сағымбаев қос Американы велосипедпен аралап шыққан.

Саяхатшы сапар алдында тек Солтүстік Американы аралауды жоспарлаған екен. Кейін жоспары өзгеріп, Оңтүстік Америкаға да саяхаттады. Одан кейін Австралияны аралап шыққан Мағжан Сағымбаев бұл күндері Қытайда жүр. Мағжан Сағымбаев Азаттыққа берген сұхбатында саяхатының негізгі бөлігі аяқталғанын, бірнеше айдан кейін елге оралатын айтты.

20 елді аралап шықтым. 164 ірі қалада, 200-ден астам шағын ауылдарда болдым

«20 елді аралап шықтым. 164 ірі қалада, 200-ден астам шағын ауылдарда болдым», – дейді саяхатшы.

Сағымбаев Қытайды екі айдай аралап, Қазақстан шекарасына өтпек. Қытайға дейін Лаос, Камбоджа, Таиланд елдерін аралап шыққан.

Саяхатшы Камбоджада жергілікті балаларға ағылшын тілін оқытып, Лаостағы бірнеше тайпаларда қонақта болған.

Эквадордағы Сumbre Rucu Pichincha шыңына шығып, Колумбияның Богота, Кали қалаларында Латын Америкасының мәдениетімен де танысқан.

Қазақ жігіті әлемді велосипедпен шарлап шықты

«Еуропалықтар велосипедпен жиі саяхат жасайды. Таиландта англиялық, Австралияда швейцариялық велосипедшілерді кездестірдім. Арасында 65 жастағы ер адам да бар», – дейді ол.

Мағжан Сағымбаев сапарының түрлі хикаяға толы болғанын айтады. Ол саяхаты кезінде бірнеше рет велосипед сатып алған.

Бір жолы Барселонада оның велосипедін ұрлап кеткен. Иранда саяхатшыны автобус қағып кетіп, жарақат алған.

«Биылғы ақпанда Австралияда 38-39 градус ыстық болып, суға түскенмін. Құлағыма инфекция түсіп, ауырып қалдым. Дәрігерге 70 доллар беріп тексерілдім», – дейді Сағымбаев.Қазақ жігіті әлемді велосипедпен шарлап шықты

Саяхатшы жолда шатырда түнеп, тамақты арнайы газды ыдыста пісіріп жүре берген. Ол өзімен 30 килограмм жүк алып жүргенін айтты. Мағжан Сағымбаев елге оралған соң біраз демалатынын, кейінірек келесі саяхаты туралы ойластыра бастайтынын айтады.

Әуесқой саяхатшы осыған дейін Қазақстан тауларын да жалғыз аралап шыққан. Жолшыбай кездескен көлікке мініп бірнеше шет елге саяхат та жасап көрген

Мағжан Сағымбаевтың бұл сапарына қажет 1 миллион 730 мың теңгені (шамамен 9,5 мың доллар) демеушілер жинап берген. Әуесқой саяхатшы осыған дейін Қазақстан тауларын да жалғыз аралап шыққан. Жолшыбай кездескен көлікке мініп бірнеше шет елге саяхат та жасап көрген.

2013 жылы автостоппен 20 мың километр жол жүріп, Ресей, Солтүстік Осетия, Грузия, Армения, Украина, Молдова мен Түркияны аралап шыққан соң велосипедпен саяхат жасау идеясы туған.

Источник: Азаттық

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз