Францияның оңтүстігінде ұшақ апатынан қаза тапқан қазақстандық отбасы Франкфурт арқылы ұшуы тиіс болған, алайды таяп келгенде билеттерін А320 ұшағына ауыстырған деп хабарлайды 24 kz.
Францияның оңтүстігінде ұшақ апатынан қаза тапқан шығысқазақстандық Айжан Исенғалиеваның әріптестері туған-туыстарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты.
Қайтыс болған отбасы мүшелерінің есімдері Өскемендегі «Казцинк» зауытымен тығыз байланысты. Бүгінде зауыт ұжымы әріптестерінің артында қалған жақындарына көмек қолдарын созуға дайын. Бақыт Смағұлова Айжан Сырымқызын Еуропаға кетерде жолға шығарып салған.
Ол «5 күнге ғана кеткен әріптесімнің бақилық болатынын білмедім ғой» деп қайғырады. Айжан Сырымқызы ұзақ уақыт бойы «Қазцинк» ЖШС-ге қарасты спорт кешенінде директордың орынбасары қызметін атқарған. Әріптестері марқұм отырған кабинетте тұрған бос орындық пен ол пайдаланған заттарды көрудің ауыр тиетінін айтады. Ал кәсіпорын басшылығы білікті маманның қазасы тіптен есеңгіретіп тастады дейді.
«Бұл отбасын жақсы танушы едім. Жанұямызбен араласатынбыз. Өмірге құштар, үнемі көңілді жүретін. Әсіресе Ербол қалжыңды жақсы айтушы еді. Жан түршігетін оқиғаны естіп, қайғыдан қан жұтып тұрмыз. Отбасына барынша қол ұшын беріп, көмектесеміз», – дейді «Казцинк» ЖШС-нің бас директоры Юрий Гусев.
Айжан Исенғалиева шетелге жұбайы Ербол Иманқұловпен бірге 26 жастағы ұлдары Әділді емдетуге аттанған. Ербол Иманқұлов та кезінде осы зауытта жұмыс істепті. Ал кейін Қарағанды облысындағы «Тау-Кен Темір» ЖШС-нің директоры қызметін атқарған.
Ұлдары Әділ «Казцинк» зауытындағы мырыш цехында гидрометаллург болған. Олар аман болғанда бүгін Отанына қайта оралуы тиіс болатын.
Марқұмдардың туған-туыстары Франкфурт арқылы ұшуы тиіс отбасының таяп келгенде билеттерін ауыстырып, дәл осы рейске отырғандарының себебін түсіне алмай дал. Оларды үйде 13 жасар Дана есімді қыздары күтіп қалған еді.