Үкімет бюджетті қайта қарамайтын болды

Үкімет бюджетті қайта қарамайтын болды

Мұнай бағасының аздап көтерілуіне байланысты министрлер кабинеті басты қаржылық құжатқа өзгеріс енгізуден айнып қалыпты деп хабарлайды КТК арнасы.

Үкімет бюджетті қайта қарамайтын болды

Мемлекет шығынын қайта қарау мәселесі қара алтын құны тоқтаусыз түсе бастағанда айтылған болатын. Өйткені, үш жылдық бюджет мұнайдың баррелі 40 доллармен есептелген. Сондай-ақ, үкімет мүшелері шұғыл жиналып, еліміздегі заңдастыру науқанының нәтижесін де талқылады. Қаржы министрі жұрттың дүние-мүлкін заңдастыруына әкімдер мен банктер үлкен кедергі келтіріп отыр деп айыптады.

Баррелі бірден 30 доллардан төмендеп кеткен мұнайдың бағасы 3-4 долларға қайта көтеріліп еді, үкіметтегілердің иығынан ауыр жүк түскендей болды. Әсіресе, Қаржы, Экономика министрлерінің жұмысы жеңілдегендей. Өйткені, қара алтын құны аздап қымбататтаған соң «үш жылдық мемлекет  шығынын қайта есептеп, бюджетке өзгеріс енгізудің қажеті жоқ» деп шешіліпті.

«Мұнай бағасы өсіп келеді. Қазір Ұлттық банкпен күн сайын кеңес өткізіп отырмыз. Әзірге бюджеттің шығындарын қайта қарауға негіз жоқ», дейді Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.

Мәліметтері оптимизмге толы Экономика министрі мұнай бағасының болмашы қымбаттауы теңгенің де тұрақталуына әсер етуде дейді. Сондай-ақ, үкіметтегілер елімізде жүріп жатқан заңдастыру науқанын да талқылады. Шара негізінен шағын және орта бизнесі дамыған оңтүстіктегі облыстар мен Астана, Алматы қаласында қарқынды жүріп жатыр екен. Ал солтүстік қазақстандықтар көш соңында қалған.

«Екі айдың ішінде біраз қосымша қаражат түсіп жатыр. Бүгінгі күні жалпы сомасы 600 миллиардтан асады, ақшаны айтсақ, екінші деңгейлі банктердің шоттарына 150 миллиардтан астам қаржы құйылып, осы ақшалар заңдастырылды», – дейді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Шетелде заңдастырылған мүліктің құны әзірге 1 млрд теңге. Алайда, бір қызығы, қолындағы қаржысын заңдастыру үшін шот ашып, банкке салған азаматтар ақшаларын қайтарып алуға асықпай отыр екен.

«Әр азамат банктегі шотқа құйып, оны өзінің мақсатына алып кетуге болады, құқығы бар. Бірақ, бүгінгі күні екі айдың ішінде 50 млрд-тан астам жаңадан ашылған шоттарға ақша құйылған, бірақ, бір ғана факті бар, 10 млн алып кеткен. Қалғанының бәрі банкте жатыр», – дейді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Бұған дейін азаматтар заңдастыру үшін банкке салынған қаржыны шұғыл шешіп алған жағдайда соманың 10 пайызын мемлекетке төлеуі тиіс еді. Жаңа заң бойынша, енді тұрғындар банктерге ақшасын кез-келген уақытта еш төлемсіз алып кетуіне болады.

Сондай-ақ, Сұлтанов заңдастыру науқанына кедергі келтіріп жүргендердің бар екенін айтып, премьерге шағымданды. Қаржы министрінің айтуынша, жұрт жиған-тергенін жаппай тіркейін десе, әкімдер мен банктер өртке қарсы, санитарлық және сейсмологиялық қызметінен анықтамасында заңда жазылмаған құжаттарды талап етіп, бос әурелеп жүр. Ал кейбір банктер, тіпті «заңдастыру аяқталған» деп тұрғындарды шатастырады екен.

Дереккөз: КТК арнасы
Санаттар: Жаңалықтар

Comments

  1. Айбар 3 Ақпан, 2016, 09:53

    Теңгемен өмен ғана өмір сүретін болсақ, доллардың қымбаттағанымен біздің не қатысымыз бар …

Пікір жазу

<