Оралмандар өздеріне қатысты сауалға әкімнің орынбасары орысша жауап бергенде залдан шығып кетті

Оралмандар өздеріне қатысты сауалға әкімнің орынбасары орысша жауап бергенде залдан шығып кетті

Маңғыстау облысы әкімінің жылдық кезекті есеп беру жиналысына келген оралмандар өздеріне қатысты сауалға әкімнің орынбасары орысша жауап бергенде залдан шығып кетті деп хабарлайды Азаттық.

Маңғыстау облысында оралмандар өздеріне қатысты сауалға әкімнің орынбасары орысша жауап бергенде залдан шығып кеттіАқпанның 24-і күні Ақтау қаласындағы Абай атындағы мәдениет сарайында өткен Маңғыстау облысы әкімі Алик Айдарбаевтың жылдық есебін тыңдауға келгендердің арасында Ираннан келген оралмандар да болды.

ӘКІМ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ ЖАУАБЫ

Әкімнің баяндамасынан соң Азаттық тілшісі облыс әкімінен 2011 жылы Маңғыстауға Ираннан көшіп келген бір топ оралманның не себепті осы күнге дейін не азаматтыққа, не баспанаға қолы жетпей жүргені туралы сұраған еді. Оған Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Ильмухамбетова жауап берді.

– Біз оралмандарға жауабымызды берген едік. 2013-2014 жылдары заңда өзгеріс енгізілді, азаматтық алу үшін заң күшейтілді – деді Шолпан Ильмухамбетова. Осыдан кейін ол жауабын орыс тілінде жалғастырды: – Бұл адамдар кезінде азаматтық алу туралы екіойлы болған, «алу керек пе жоқ па» деп. Сондықтан оларға да қойылатын сұрақ үлкен, Алик Серікұлы, – деді Шолпан Ильмухамбетова облыс әкіміне қарата.

Бұл оралмандардың наразылығын тудырды. «Ештеңе ұқпадық» деген олар әкімнің есебі өтіп жатқан залдан шығып кетті.

Әкімнің есебіне арнайы келіп тұрып шығып кеткен Носратбибі Қазақ пен Баһар Қазақ жиында өздеріне қатысты жауапқа қанағаттанбаған.

– Облыс әкіміне кіре алмаймыз, оның жолын да білмейміз. Содан соң әкім елмен кездеседі деген соң арнайы келгенбіз. Бірақ жауап берген әкім орынбасары бізді «өздері кінәлі» деп орысша бірдеңелер айтты. Оны ұқпаған соң еріксіз шығып кеттік, – деді Носратбибі Қазақ.

Азаттық бұған дейін де Иранның Горган қаласынан қоныс аударған оралмандардың бірі Әбдірахман Бабық пен оның отбасының жағдайы туралы жазған еді. Жасы 60-ты алқымдаған Әбдірахманның отбасында бірінші сыныпқа биыл барған ауру қызы мен ұлы бар. Оның әйелі Носратбибінің айтуынша, көші- қон полициясындағылар оған Қазақстан азаматтығын алуға кешіккендерін, енді төрт жыл күте тұруы тиістігін айтқан.

ОРАЛМАН КУӘЛІГІ

Әбдірахман Бабық пен Носратбибі Қазақ биыл қаңтар айында көші-қон полициясына барғанымен, оларға биыл да азаматтықтың берілмейтіні туралы айтқан.

– Бізге 2011 жылы келгендерге азаматтық берілмейді деді көші-қон полициясы, – дейді Носратбибі Қазақ.

Алайда Маңғыстау облыстық көші-қон полициясы басқармасы бастығы Гүлшара Бастаубаеваның айтуынша, Ираннан келгендерге азаматтық беруде кедергі жоқ.

– Олар оралман куәлігін алып келсін. Үш айдан соң азаматтық алады, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Гүлшара Бастаубаеваның сөзінше, Ираннан келген оралмандардың бір жылға берілетін куәлігінің мерзімі өтіп кеткен. Енді олар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып осы куәлігін жаңартып алуға болады.

Маңғыстауға Иран, Сауд Арабиясы, Түркіменстан, Өзбекстаннан қоныс аударған қазақтар Ақтау қаласындағы оралмандарға арналған орталықта тұрып жатыр. 2010 жылы қолданысқа берілген бұл оралмандарды бейімдеу орталығы 200 отбасына арналған. Онда оралмандардан бөлек балалар үйі түлектері де тұрады.

Дереккөз: Азаттық
Санаттар: Жаңалықтар

Comments

  1. Самал 26 ақпан, 2016, 10:01

    Е, Бұл әкім енді орнынан алынама көреміз. Ел басы өз аузымен айтқан заңды орындамай жүрген әкімнің ертеңі не болар екен.

  2. жаке 27 ақпан, 2016, 08:12

    Қазақша сұраққа орысша жауап берген əкім орнынан кетуі керек. Ел басының айтқанын орындау керек. https://gu-gu.kz/wp-content/plugins/wp-monalisa/icons/wpml_unsure.gif

  3. Нұрлан ЕСЕНҒАЗЫ 27 ақпан, 2016, 10:40

    Әкім және әкімнің орынбасары ұят жасаған екен. Орал Ман деген шет елден көшіп келген қазақ ағайындарымыз емес пе? Әкімнің орынбасары мемлекеттік қызыметкер. Мемлекеттік қызыметкер қазақ тілін білмесе не балғаны? Қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі! Сондықтан мемлекеттік қызыметкер тек қазақ тілінде ғана сөйлеу керек және азаматтар мемлекетке қазақ тілінде ғана көз қарасын, өтінішін білдіре алады! Қазақ тілін білмейтін адам тілмаш жалдасын. Шет тілдерін қазақ жастары білмейді деп кім айтты? Шет елден көшіп келген қазақ ағайындарға осындай қиянат жасаған адамды қатаң жазалау қажет.

  4. Нұрлан ЕСЕНҒАЗЫ 25 тамыз, 2019, 02:14

    НАДАНДЫҚ – адам бойындағы білімсіздікті, қараңғылықты, мәдениетсіздікті білдіретін құбылыс. Ізгілік пен парасатқа негізделген ақылдың кемел формасы – сау ақыл болған жерде надандыққа орын аз. Өйткені кемел ақыл надандықтың дұшпаны. Надандықтың адамдық асыл қасиетке көлеңке түсіретін құбылыс ретінде білімсіздік, қараңғылықтан нәр алмақ. Бірақ надандықтың тек білімсіздікпен ғана анықталмайды, надандар жоғары білімді, тіпті арнайы ғылыми дәрежесі бар адамдар ішінде де бар. Мысалға: Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызыметкерлерінің мемлекеттік тілді – қазақ тілін білмеуі. Тегін дұрыстамау, яғни орыстың ов, ев, ин жұрнақтарынан құтылмау, құлдық психологиядан арылмау, салт-дәстүрді түсінбеу т.б.
    Надандықтың адамшылық қасиеттің кемел формасы – кісіліктің антиподы. Бойында кісілігі аз немесе жоқ адамның надандығы басым болады. Кісілікті адамның жаны жомарт болмақ. Жомарт жанға адамның үш қасиеті тән, олар: ыстық қайрат, нұрлы ақыл және жылы жүрек (Абай).
    Наданда қайрат болуы мүмкін, бірақ ол ыстық емес, салқын; ақыл болуы әбден мүмкін, бірақ ол нұрлы емес, суық-мұз; наданның жүрегі жылы болуы мүмкін емес. Жүрегі жылы жан надандықтан іргесін алыстата бермек.
    Надандықтың бір көрінісі – мәңгүрттік. Мысалға: қазақ тілін білмейтін қазақтар. Ұрпақтары қазақ тілін білмейтін мәңгүрт қазақтар т.б.
    Себебі наданда жылы жүрек болмаған соң, онда туған елге, тарихқа, мәдениетке, тілге, ата-анаға, бабаларына деген құрмет сезімі жоқ. Надан таза пайдадан өзгені көзіне ілмейді. Яғни ішкен-жегеніне мәз, мал сияқты. Осы хәлді Абай: “Естілер де ісіне қуанбай жүр, ел азды деп надандар мұңаймай жүр” деп тұжырымдаған. Надандықтың күні өтіп кеткен құбылыс емес, ол қазіргі заманның аса қауіпті дерті.
    Әр елдің озық ойлы адамдары бұл дерттен арылудың жолдарын іздестіруде. Надандықтың әр түрлі деңгейлері бар, ол жеке адам басындағы Надандықтан, мемлекеттік саясатқа дейінгі сатылардың әрқайсысынан көрінеді.

Пікір жазу

Your e-mail address will not be published.
Required fields are marked*

6 + 8 =