Қазақстандықтарға бюджет ақшасы жаппай таратылса, не болады?

Қазақстандықтарға бюджет ақшасы жаппай таратылса, не болады?

Жақында президент үкіметке «базалық табыс» деп аталатын жобаны қарастыруды тапсырған болатын. Оған сәйкес, бюджет ақшасы жұртқа жаппай таратылуы мүмкін. Бұл қадамның қандай тиімді-тиімсіз тұстары барын NUR.KZ порталы YK-news.kz сайтына сілтеме жасап тізбектейді.

Қазақстандықтарға бюджет ақшасы жаппай таратылса, не болады?Батыс елдері бюджет қаражатын барлық тұрғындарына тарату мәселесін шындап қарастыруға кіріскен. Кей мемлекеттер, тіпті ай сайын адам басына 1000 еуродан жоғары қаражат бөліп отырмақ. Олар осылайша, өмір сүруге қаражаты бар әр тұрғын өзінің сүйікті ісімен айналысатын болады деп сенеді.

Еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бүгінде бұл мәселенің егжей-тегжейін жан-жақты қарастыруда.

Егер елімізге «базалық табыс» жобасы енетін болса, жәрдемақы, зейнетақы, шәкіртақы жойылып, оның орнына еліміздің 17 миллион халқы ай сайын белгілі бір мөлшерде ақша алып тұрады.

Десе де, қазіргі экономикалық жағдайда бұл қазынаға ауыр тиері анық дейді сарапшылар. Әрі жұмыссыздық деңгейі де күрт өсіп кету қаупі бар.

Базалық табыс – ел бюджетіне түскен пайдадан жұрттың өз үлесін алуы деген сөз. Яғни, «бай», «кедей» деп бөлмей барлығына бірдей ай сайын төленетін ақша.

Шетелдік тәжірибе

Әзірге бұл жобаға толықтай өткен ел әлем бойынша жоқ. Сол себепті, үлгі алар мемлекет те, төлем жасаудың қалыптасқан механизмі де жоқ.  Дегенмен, мұнайлы елдерде осы жүйеге ұқсас өзіндік тәжірибе қалыптасқан.

Мәселен, араб елдерінде тұрғындарға жүз мыңдаған доллар қаражат бюджет есебінен бөлініп отырады. Оның өзінде бәріне емес, шарттарға сәйкес келетін тұрғындарға ғана (кәмелетке толғандарға – жер мен үй салуға қаражат, үйлену тойын өткізгісі келгендерге – 20 мың доллар қарыз, үшінші баласы дүниеге келген жағдайда қарыз толықтай өтелді деп есептелінеді).

Таза «базалық табыс» жүйесіне өтуге тырысқандар қатарында Намибияның Омитаре және Очиверо ауылдары бар. Олар тұрғындарына 2008 жылдың қаңтарынан 2009 жылдың желтоқсанына дейін шамамен 9 еуро (100 намибийлік доллар) қаражат бөліп отырған. Нәтижесінде, ауылда қылмыс саны азайып, кәсіпкерлік өркендей түскен.

Ал жақында ғана бұл жобаны қолға алған ел – Нидерланд. Оның Утрехт қаласында 2016 жылдың қаңтарынан бастап барлық ересек тұрғындар ай сайын 900 еуро, ал ерлі-зайыптылар  – 1300 еуро алып тұрады. Дәл осындай жобаны Канаданың Онтарио қаласына енгізген.

Финляндия мен Швейцария елдері, тіптен тәуекелге бел бумақ. Олар 2017-2019 жылдары толықтай «базалық табыс» жүйесіне өтпек. Әзірге төлем мөлшері ай сайын 800 еуро болады деп күтілуде. Жазда өтетін референдумда халық бұл бастаманы қолдайтын болса, уақыт өте келе төлем мөлшері ай сайын 2250 еуро болып өсетін болады.

Еліміздегі тәжірибе

Ал Қазақстан билігі халыққа мұндай жоғары төлем жасай алатынына сарапшылар күмәнмен қарайды. Онымен қоса, тұрғындар жалқаулыққа беріліп, жұмыс істейтіндер қатары сирейді дейді олар.

«Бізде 2001 жылдан бастап адрестік әлеуметтік көмек жүзеге асырылды. Сол арада біз жұмыссыз жалқаулардың ұрпағын тәрбиелеп шықтық. Ата-аналар жәрдемақыны жалақы ретінде алып тұрды. Олардың балалары да жұмыс істеуге асықпай, бізден көмек сұрап келіп жатты», – дейді ШҚО әлеуметтік төлем бөлімінің басшысы Райхан Барлықова.

Дегенмен, маманның айтуынша, жәрдемақыны өз пайдасына асырып, жеке кәсібін дөңгелете алғандар да жоқ емес. Кейбірі шаштараз, азық-түлік өндірісі секілді бизнес ашып, өздерін қаржыландыра алатындай жағдайға жеткен.

Ал Денсаулық сақтау министрлігі болса, әзірге алдын ала сараптама жүргізіп, «базалық табыс» енгізілсе, елде жатып-ішерлер саны көбейеді деген тоқтамға келген.

Ал егер таза есеппен қарайтын болсақ, еліміздегі бюджет мөлшері – 6,5 трлн теңге. Яғни, 18 млн халыққа, шамамен жылына 361 мың теңгеден келеді. Ал айына 30 мың теңге. Оның өзінде полиция, медицина, жол жөндеу секілді салалар ел қалтасынан болмақ.

Саясаттанушы Петр Своик Финляндия мен Швейцарияда жағдай мүлдем өзгеше екенін алға тартты.

«Екі елде де «Форбс» тізімін бастаған миллиардерлер жоқ. Жаппай кедейлік те орын алмаған. Ал Қазақстанда байлар мен кедейлердің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Сондықтан «базалық табысқа» өту идеясының өзі ақылға қонымсыз», – дейді ол.

Дереккөз: Nur.kz
Санаттар: Жаңалықтар

Comments

  1. Шаттық 28 Наурыз, 2016, 14:51

    Не болатынын бір құдай біледі …

Пікір жазу

<