Атышулы Алагөзова продюсерлік еткен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» телехикаясына қатысты дауға әлі күнге дейін нүкте қойылар емес. Бұл жолы аталмыш туындыға Тұңғышбай Жаманқұлов наразылық білдірді. NUR.KZ тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген Халық әртісі, Баянға өкпе-ренішін білдірді.

Тұңғышбай Жаманқұлов Баянның тарихи сериал түсіруін үлкен қылмысқа теңеді

«Қазіргі уақытта «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» телесериалына қатысты дау-дамайдың барлығын оқып отырамын. Көпшілік айтқан өкініштерге қосыламын. Қазақтың классикасына былай келмеу керек. Дайындықпен келу керек. Не деуші еді..? «Киесі атып кетеді», – деп қорқу керек кішкене.

«Бояушы, бояушы деген сайын, сақалын бояпты» – деген қазақта өте қиын мақал бар. Сонша халықтың алдына шықтым деп тайраңдай беруге де ешкімнің хақысы жоқ.

Халықтың ықыласынан, халықтың сүйіспеншілігінен ажырап қалу оп-оңай. Сол жағынан қараған кезде, ол мәселелерге мен өте ауыр қараймын. Жүрегім ауырады. Жақсы деп айта алмаймын. Мен мұны қылмыс деуге де бармын», – дейді Тұңғышбай Жаманқұлов.

Актердың айтуынша, қоғамда қызу талқыға түскен телехикаяның кемшін тұстары жетерлік. Сондықтан да Жаманқұловтың «Баян Алагөзова бұдан былай тарихи тақырыптағы туындыларды түсірмесе» деген үлкен өтініші бар.

«Алдында тракторшы туралы түсірген жұмысын көрген едім. Оны бәлкім көруге болар ма еді. Өйткені қазіргі заманға байланысты ма, ойдан шығарса да, суыртпақтап бірдеңені шығарған болатын. Ал «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сияқты классикаға дайындықпен келу керектігін Баян қарындасым түсінбеген болуы керек деп ойлаймын», – дейді Халық әртісі.

Халық әртісі Баянның бұл қылығын нағыз қылмысқа балап отыр. Танымал продюсердің бастамасымен таспаланып, кейін көпшіліктің талқысына түскен телетоптама ұлттық құндылықтан жұрдай дейді.

«Баян қарындасыммен онша қатты араластығым болмаса да, білемін ептеп-септеп. Ол өре-қарым кино түсіруге машықтану бір бөлек, содан соң суреткерлік ұждан деген бар, суреткерлік ұстаным деген бар. Суреткерлік деген ұғымды жеңіл-желпі қарап кеткеніне өкінішпен қараймын. Бұл пікірім өзгермейді.

Қарындасым болған соң, қатты айтқым келіп тұрған жоқ. Жасым үлкен адаммын. Мүмкін түсінер, мүмкін ұғар дегендей. Сол жағынан қараған кезде кино түсіруге, театрларда спектакль қоюға келгенде үлкен дайындық және құқық керек. Білімділік керек.

Содан кейін ұлтты есепсіз сүю керек. Ұлттың тарихын білу керек. Ұлттың мақтанышына айналған, сонау арғы замандардан келе жатқан, неше мың ұрпақтарды тәрбиелеп, әдемі махаббатқа талпынатын қазақтың ұл-қыздарының талғамын, әлгіндей шала фильммен бұзуға болмайды деп есептеймін», – дейді актер.

Естеріңізге сала кетсек, осы уақытқа дейін Меруерт Түсіпбаева да «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» телехикаясының кемшін тұстарын тізбектеп, Алагөзовадан жобаға жұмсалған қаржыны қайтаруын талап еткен болатын.

Пікірлер

3 + 1 =