Заңгер Айгүл Орынбек Түркістан облысы Мақтарал ауданына қарасты Фирдоуси ауылында сабақ басталған күні қыздары жаппай орамал тағып келген тәжік мектебінде болып, желідегі парақшасында фото мен видео жариялады, – деп хабарлайды kaz.365info.kz.

Айта кетелік, аталған мектептің оқушы қыздары алғашқы сабақ күні жаппай хиджаб киіп келіп, үлкен айқай-шу болған. Іле-шала Білім министрі Ерлан Сағадиев мектепке орамал тағуға қатаң тыйым салынғанын, сондықтан мұғалімдердің бұл арадағы әрекеті дұрыстығын мәлімдеген еді. Міне, осы білім беру орнында болған заңгер Айгүл Орынбек фото мен видео жариялай отырып, мынандай жазба жариялады:

«Бүгінгі Фирдауси! Қыздардың 60% орамалы шешілді.Соңғы екі айдағы қызу жұмыстың нәтижесі осындай. Бүгінгі жеңіс! Заң бәрімізге ортақ!»,

деп қысқа қайырды фото астындағы жазбасында.

Ал видеоға қатысты жазбада былай делінген:

«Мемлекет – мектеп. Дін – мешіт. Мемлекеттік мекемеге дінді тықпалау заңға қайшы! Ешкім қыздарды қинап жатқан жоқ. Өз еркілерімен орамалдарын шешіп жатыр. Қыздарға түсіндірме жұмыстары арнайы психолог мамандардың тарапынан жүргізілді. Білім керек. Адам, мектеп заңына бағынып осылай мектеп қабырғасына аяқ басады. Қараңғы, оқымаған надандар жұмақты аңсап үңгірде өмір сүруді армандайды. Бүлдіршіндердің болашағы жарқын болсын!».

Заңгердің айтуынша, ол бұл мектептегі жағдаймен бір жылдан аса болды, жақын таныс екен.

«Мектеп деген аты ғана көрінеді.

Балалар дұрыс білім алмайды, ал мектеп басшылығы аттестацияны сататын көрінеді. Қазақ тілі де оқытылмаған мұнда. Заң мүлде орындалмайды. Сәләфизм ағымы ұстанатындары. Бәрін сатып алуға болады деп ойлайды.

Мұғалімі де, ата-анасы да. Жағалай жемқорлық», деп жазады тағы бір жазбасында.

Әрине, заңгердің бұл жазбасы көбіне наразылыққа ұшырап, негатив пікірлерге толуда. Өйткені дінге ден қойған қауым оңтүстікте өте көп. Олар мектептегі шектеуді жалпы шектеу деп түсініп қалуда.

Пікірлер

8 + 4 =