Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері елі, жері, отаны үшін жан беріп, жан алысқан арда азаматтардың атында елдімекендер, көше аттары көптеп беріліп келді. Әлі де берілуде, алдағы уақытта да солай болары анық.

Дәріптелгені дұрыс. Алашқа қызмет еткен азаматтардың аты мәңгі елдің есінде қалуы керек. Жөн-ақ.

Бірақ сол көше, елдімекен аттарын иеленген адамдардың бәрі ұлтын жанынан артық сүйді деп айтуға бола ма?

Қайдам. Керісінше, көшеге аттары берілгендердің ішінде ұлты үшін ұлы істер атқарған азаматтардың артына шам алып түскен, оларды қудалауға ат салысқан жандар да бар көрінеді. Осыдан біраз жыл бұрын бір орталық басылымға берген сұхбатында белгілі ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай мынадай бір былықтың бетін ашыпты. Ол былай дейді:

– «Мен «Бұзылған бесік» деген алаштықтарға арналған екінші-үшінші кітапты жазып бітірдім. Тек қана осы күнге дейін қоғамға белгісіз, тек мұрағаттарда құпия сақталған құжаттарды тізбелеп беріп шықтым. Тіпті ара-арасына анықтама жазуды да қажет етпедім. Өйткені құжаттардың өзі бәрін айтып тұр.

Бірақ ол кітаптарды әлі күнге шығара алмай отырмын. 1940-43-46-53 жылдардағы азаматтарымыздың «ұлтшылдығы» әшкерелеген.

Қарап отырсаң, сол кезең қаншама адамдардың тағдырларын талқандап кетті. Өзгені былай қойғанда, академияны, жаңа құрған Қаныш Сәтпаевты қудалады. Мұның бәрін жоғарыдан Суслов басқарып отырған.

Оған қажетті деректерді жинап, осы жақтан ұйымдастырып отырған адам Черниченко деген «Правданың» тілшісі.

Ол жалғыз емес, оның тобында өзіміздің ғылыми коммунизммен айналысатын немесе партияның тарихын жазатын адамдар да болды.

Соның бас идеологы академик Сақтаған Бәйішев еді. Енді келіп сондай адамға көше береміз, атын мәңгі қалдыру үшін дәріптейміз келіп.

Сондайлардың кесірінен ұзақ мерзімге түрмеге қамалғандардың обалын кім көтереді? Оларға көше аттарын береміз. Егер осынымыз дұрыс деп атасақ, ендеше әлгілер көрсетіп берген Сәтпаевтің, Әуезовтің, Бекмахановтың, тағы да басқалардың халық жауы болғандығы рас болып шыққаны ғой.

Біз қазір осы екі шындықтың бірін мойындауымыз керек…».

Ақшарқат Ахметбек.

Дереккөз: kaz.365info.kz 

Пікірлер

8 + 3 =