Журналист әрі әлеуметтік желіде белсенді блогер Қыдырбек Рысбек, Серік Абас-Шахқа арнап жазба қалдырып, оны сынның астына алды. Оған Абас-Шахтың төмендегі пікірі себеп болса керек, – деп жазды kaz.365info.kz.

ӨЗ ҰЛТЫҢНАН НЕГЕ БЕЗДІҢ?!.» — жазбасын осы сөзбен бастаған Қыдырбек Рысбек әріптесінің бет пердесінің ашылғаны жайлы жазған.

«Сенің бет пердең ашылды, Серік! Бұған дейін әркімге бір соқтығысып, әркімді бір қағытып, шалқақтап едің. Енді Алла Тағаланың өзі тұтас ұлт қылып, нығметімен байтақ даласын сыйлап, жеке мемлекет болуды нәсіп еткен қазағыңа топырақ шаштың.

Сенің бүгінгі сөзің: өте жалтақ, өте парақор, өте мақтаншақ, өте дарақы, өте жағымпаз, өте сатқын халықпыз. Сен жүз жерден әулиесінгенмен, Абай бола алмайсың. Сен қазақты жер ғып жамандаймын деп, өзіңнің кім екеніңді әйгілеп бердің.

Сен сонау ықылым заманнан кіндігіңді үзбей, осы күнге жеткізген ата-бабаңа, әже-аналарыңа қарсы күпірлік жасап отырсың. Сен қазақтың әр қиырындағы ұлтты сатпақ түгілі, басынан бір тал шаш түссе, жаны шырқырайтын мыңдаған қарапайым бауырларыңа тіл тигізіп отырсың.

Сен қазақ ғылымы үшін түн ұйқысы шала боп жүрген жүрегі таза жүздеген ғалым бауырларың мен ауылдардағы шәкірттері үшін шыр-шыр ететін жаны жайсаң мұғалімдерді «өте сатқын, өте мақтаншақ, өте жағымпаз…» деп қорлауға көшіпсің.

Серік, фейсбуктегі жүздеген адам шашбауымды көтерді екен деп, Ахмет Байтұрсынұлы мен Бауыржан Момышұлын дүниеге әкелген халықтан өзіңді зор санағаның ақылыңның асқаны емес, көзіңді шел басқаны деп түсінеміз.

Серік, менің спорт саласында ұзақтан келе жатқанымды білесің. Мен қазақ десе, шығарда жаны бөлек талай бапкерлерді білемін. Олар бар тапқан-таянғанын шәкірттерінің аузына тосады. Жалақылары аз болса да, өз балаларының аузынан жырып, спортшыларға нәрлі тамақ, жақсы киім, құнарлы витамин әперуге ақша табады. Олар өздері ашқұрсақ жүрсе де, сырт көзге сыр алдырмайды. Оларға қарап тұрып, нағыз қазақ осылар деп, еріксіз сүйсінесің. Олар балалар жарысқа дайындалған кезде әкелерінің бес-алты тайыншасының біреуін қиналмай сойып тастайды. Ал, Серік, осындай азаматтар қалайша жалтақ, қалайша сатқын, қалайша жағымпаз болмақ?!

Қармақшыда Әділбек Серікбаев деген замандасым бар. Дәл қазір бара қалсаң, үйінде елдің әр түкпірінен келген үш-төрт балуан бала тұрып жатыр. Балалардың ас-суы, киімі, тұрағы, тіпті оқу ақысына дейін Әділбек пен оның отбасының мойнында. Осындай азамат қалайша сатқын, қалайша жағымпаз, қалайша дарақы болады?!

Қазақ елінің отырып ойнайтын волейбол құрамасының бас бапкері Бауыржан Тахауов та ұлты үшін басын бәйгеге тігетін азамат. Сен Бауыржанмен екі сағат сырлассаң, бүгінгі жазғаныңның бос далбаса екенін амалсыз мойындайсың.

Иә, ХХ ғасырдың ортасына дейін большевиктер қазақты аямай қырды, онымен қоймай қаймағын сыпырып алды. Одан кейін де жүздеген мектебімізді жауып, дарқан даламызға шошқасын қаптатып, арағын судай шашты. Бірақ, олар қазақты біржола жойып жібере алмады. «Орнында бар – оңалар». Алла Тағала алаш жұртының отын өшірмесін, деп тілейік.

Бәлкім, сенің сыйласатын ортаң өзіңе лайық шығар. Соларға қарап, солармен көптен араласа келе Қазақ туралы осындай жиіркенішті сөздерді көп алдында еш қызармастан жария қылған шығарсың.

Серік, тәубеңе кел! Отанынан безген адамның оңғанын көрдің бе?!» — деп жазба қалдырған.

Пікірлер

5 + 1 =