Павлодар облысында 17 жастағы қызды қағып өлтірген кәсіпкердің ұлы жазадан сытылып кетті

Павлодар облысында 17 жастағы қызды қағып өлтірген кәсіпкердің ұлы жазадан сытылып кетті

Павлодар облысында 17 жастағы Диана Доштаеваны қағып өлтірген жүргізуші қамалмайтын болды. Құқық қорғаушылар қылмыстық істі сотқа жеткізбестен жауып тастаған. Ал марқұмның туыстарына жүргізушінің апаттан қашып құтыла алмағанын айтыпты.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Еуразия бірінші арнасына” сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға өткен жылдың тамыз айында орын алған. Серуендеуге кеткен қыз сол күйі үйіне қайтып оралмапты. Оны көшеде көлік қағып кеткен. Дәрігерлер қызды аман алып қалу үшін ұзақ күрескенімен, бұл мүмкін болмады. Диана жансақтау бөлімінде қайтыс болған.

Ал оқиға куәгерінің айтуынша, 17 жастағы қызды қағып кеткен көлік қатты жылдамдықпен келе жатқан. Тіпті, қызды қаққаннан кейін темірбетонды тосқауылға соғылып, оны опырып кеткен көрінеді.

Белгілі болғандай, көлікті тізгіндеген жүргізуші аудандағы танымал кәсіпкердің ұлы екен. Марқұмның туыстарының сөзінше, оқиғаға қатысты тергеу жылдам жүргізіліпті. Алайда оның нәтижесінде полицейлер жүргізушінің апаттан қашып құтылуы мүмкін болмағанын айтып, істі сотқа жеткізбестен жапқан.

“Біз оның қалай да жазаланғанын қалаймыз. Неліктен ол біреудің отбасын бұзып, сол үшін жазасын алмайды? Оның ақшасы бар, әкесі бай, тергеушіге ақша беріп қоюы мүмкін”, – дейді марқұмның туысы Фарида Ахметова.

Сонымен қатар Диананың туыстары апат кезінде жүргізушінің мас болғанын айтып отыр. Сондай-ақ, оның көлік жүргізуге құқығы болмаған, себебі бұған дейін жүргізуші куәлігінен айырылған көрінеді. Өз кезегінде полициядағылар бұл мәліметті растады.

Ертіс қаласының орталық көшесіндегі көлік қозғалысы аса қарқынды емес. Кешкі уақытта белсенділік мүлде төмен. Мұндай жағдайда рұқсат етілген жылдамдықпен қозғалған көлік жүргізушісінің жолдан өтіп бара жатқан адамды көрмей қалуы өте қиын.

“Куәгерлер болды. Тергеу барысында күдіктінің өзі де жауап берді. Адам көліктің қандай жылдамдықпен келе жатқанын көзімен өлшей алмайды ғой”, – дейді аудандық полиция бөлімінің басшысының орынбасары Қуан Назымов.

Алайда марқұмның туыстары бей-жай қарап отыра алмайтындарын айтады. Олардың сөзінше, кезекті рет жүргізуші куәлігінен айырылған жүргізушінің көлікті тізгіндегенін жиі көреді екен.

Санаттар: Жаңалықтар

Пікір жазу

Your e-mail address will not be published.
Required fields are marked*

3 + 5 =