Марғұлан Сейсембай: Биыл Астана күнін атап өтудің қажеті жоқ

Марғұлан Сейсембай: Биыл Астана күнін атап өтудің қажеті жоқ

Қазақстандық кәсіпкер Марғұлан Сейсембай биыл елорда туған күнін атап өтпей, қаражатты Арыста болған жарылыстан зардап шеккендерге бағыттауды ұсынды. Елдегі сарапшылар мен қоғам белсенділері осы ұсынысқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz.

«Жағдай оңай емес екені көрініп тұр. Менің бірнеше танысым Арысқа жол тартты. Бірақ бұл жерде еріктілер әзірге көмек көрсете алмайды деп ойлаймын. Ешкім ештеңе түсіндіре алмауда. У-шу, зобалаң, «бардак». Өз тарапымыздан, кімге және қалай көмек көрсету керек екені анық түсінікті болған соң, бірден қосылып, зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетеміз”, – деді Марғұлан Сейсембай.

Әрі қарай Нұр-Сұлтан қаласының мерейтойын атап өтуге жұмсалатын қаражатты Арыстан зиян шеккендерге беруді ұсынды. Елде мұндай ауыр жағдай болып жатқанда той тойлаудың орынсыз екенін айтты.

«Менің ойымша, осы жылы Астана күнін атап өтудің қажеті жоқ. Барлық қаражатты Арыс қаласының тұрғындарын көшіруге және көмекке аударған жөн. Көмекті барлығы көрсетуі керек. Елде мұндай «бардак» болып жатқанда, той тойлаудың орынсыз екенін түсінуіміз керек», – дейді ол.

Әлеуметтік желі қолданушылары өз кезегінде бұл ұсынысты екі қолын көтере қолдайтынын жеткізді.

«Марғұлан аға, өте орынды ұсыныс. Енді Нұр-Сұлтан қаласының бірінші атауымен болған тойды қоя тұру керек», «Сізбен келісемін», «Дұрыс. Халыққа көмек беруіміз керек. Астана күнін атап өтудің қажеті жоқ», «Арыс қаңырап жатқанда Астана қаласының тойын өткізу орынсыз. Халықтың жағдайын жасасын. Алда қыс келе жатыр» деп жазды желі қолданушылары.

Пікір жазу

<