Смағұл Елубай: Түк бітірмеген тіл заңына отыз жыл толайын деп отыр

Смағұл Елубай: Түк бітірмеген тіл заңына отыз жыл толайын деп отыр

Өткен аптаның аяғында (16 тамыз күні) Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Жазушылары одағына арнайы келіп, қалемгерлермен кездесті. Одақтың, одаққа қарасты ұйымдар мен басылымдардың («Қазақ әдебиеті» гәзеті, «Жұлдыз» журналы, «Простор» журналы) материалдық жағдайы талқы болды. Жиын барысында белгілі жазушы Смағұл Елубай өзекті мәселелерді қозғады. Жазушының айтқан сөзін abai.kz порталы жариялаған екен, біз де оқырманға ұсынамыз.

Смағұл Елубай, жазушы, кинодраматург:

Шын мәнінде Бақытжан Әбдірұлы сіз Алматыға келгелі тұңғыш рет қоғамдық ұйымның, Жазушылар одағының табалдырығын аттадыңыз. Бұл бізді қатты қуантып отыр. Екіншіден біз айтайын деген нәрсенің бәрін өзіңіз шешетін болып, сүйіншілеп бізге тағы да айттыңыз. Бұған да разы болып отырмыз.

Енді бір айтуға тиіс нәрсе – Алматы оңбай орыстанған қала. Осыны біз қорыта алмаймыз. Күн сайын төңірегімізде орысша сөйлеп тұрған қазақтарды көріп жерге қараймыз. Түңілеміз. Бұны қалай шешеміз? Бұл жалғыз біздің қолымыздан келмейді, ағайын. Алматы осы тіл мәселесінде де үлгі болуы керек. Сіз сөзсіз саяси рингктегі ауыр салмақты боксерсыз. Ендеше, ұлтымыздың басына төнген бір қауіп қатерлер бар. Соларды да ауыр салмақты боксер ретінде Алматыда ұрып жықсаңыз, өзге өлкелер біздің ізімізге ерген болар еді. Әсіресе, тіл саласында не істейміз? Мүмкін сіз жарты жылдай мүлде орысша сөйлемей қоярсыз? Үлгі болып. Біздің ел басқарған азаматтар Президенттеріміз ең болмағанда жарты жыл орысша сөйлемей қойса, басқалары да түгел қазақша сайрайды.

Жақында түк бітірмеген тіл заңына отыз жыл толайын деп отыр. Түк бітірмеген тіл заңы. Біздің жанымыздың шырқырап тұрғаны сол.

Мемлекеттік тілді қорғай алмады, қор қылды. Тіліміз төрге шықпады. Тіліміз әлі босағада жүр. Осыған үлгі көрсететін бір адам керек. Осы үлгіні Алматыдан бастасақ, ғажап болар еді.

Тәуелсіздікті не үшін жариялайды ұлттар. Қан кешіп жүріп жариялайды. Ұлт өзін-өзі сақтау үшін жариялайды ғой. Ал, біз не істедік? Отыз жылдың ішінде отыз ауыз сөз үйренбеген қазақтар толып жатыр. Ауладағы балаларды тыңдап отырсаңыздар бәрі орысша сөйлейді. Не жетістік біз, отыз жылдың ішінде? Осы ма жеткен жетістігіміз?

Тағы бір айтарымыз жаңағы Сіз айтқан байқауларға алдымен балалар әдебиеті кіру керек. Болашағамызды тәрбиелейік. Балаларға арналған әңгімелер жетіспейді. Бүгінде Бердібек Соқпақпаев жетіспейді. Сол тәрізді талантты жастарды ашайық. Менің айтпағым осы!

Пікір жазу

Your e-mail address will not be published.
Required fields are marked*

3 × 1 =