Сұмдық! Түнгі клубта “Адай” күйіне стриптиз билеген

Сұмдық! Түнгі клубта “Адай” күйіне стриптиз билеген

Қазақтың күйін мазақ етті! Атыраудағы түнгі клубтардың бірінде “Адайдың”  күйіне билеген  жартылай жалаңаш қыздардың әрекеті дүйім жұрттың ашуына тиді.  Қоғам белсенділері осыған ұқсас жайттардың жиілеп кеткенін, сондықтан  тез арада шара қолдану керектігін айтып дабыл қағып отыр. Ал енді бірі керісінше дәстүрімізді осындай жолмен насихаттайық деп айды аспанға шығарып отыр. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Дүйім жұрттың жағасын ұстатқан бейнежазба осы. Атыраудағы түнгі клубтардың бірінде түсірілген. Жартылай жалаңаш киінген екі бұрымды “Адайдың” күйіне  ұятсыз билеп, жиналған қауымның көңілдерін көтеруде. Әлеуметтік желіде лезде тараған мына видео қоғамда үлкен резонанс тудырған соң, клуб әкімшілігі көптің алдына шығып, кешірім сұрады.  Алайда олар мұны техникалық ақауға балап, өздерінен кінәні барынша жуып-шаюмен болды.

“Бізде техникалық ақауға байланысты осындай бір жайсыз оқиға болды. Музыканттар “Адай” күйін орындап жатқан. Бұл үшін кешірім сұраймыз. Бұл үшін диджей жұмыстан шығарылды”, – дейді клуб әкімшілігі.

Алайда, желі қолданушыларының дені бұл бейнежазбаға қарсылықтарын білдіріп жатса, араларындағы кейбірі “мұнда  тұрған еш сөкеттік жоқ”  деп айды аспанға бір-ақ шығарды.

“Неге біз қазақтың күйлерін тек қана мерекелерде тыңдауымыз керек?! Меніңше бұл біздің ұлттық өнерімізді насихаттаудың жаңа бір тәсілі. Иә, әрине бізде қалыптасқан стериотиптер бар. Қазақ қызы тәрбиелі болу керек, мұндай жат әдетке бармау керек деп. Бірақ біз одан арылуымыз керек. Есесіне қыздардың осы билерінен кейін, қазақтың күйін білетіндер көбейгеніне сенімдімін”, – дейді блогер Жұлдыз Әбеу.

Төсіне ұлттық әшекей тағып, сәукеле киген Шырын есімді бойжеткен де өз қылығын осылай түсіндірген еді. Дараланудың жолын тауып, жалаңаш денесіне шапан киген модель жігіт те дәстүрді қолдағанын айтып, ақталғаны әлі есте.

“Иә, мен оны әдейі жасадым, тіпті жасырмаймын да.Өйткені біз ұлттық киімдерімізді, шапандарымызды тек 22-ші наурызда,  болмаса тойға сый-сыяпат берген кезде ғана еске түсіреміз. Ал басқа күндері ол сөрелерде  шаң басып жатады емес пе? Сондықтан неге бізге оны  осындай жолмен насихаттамасқа?”, – дейді Айсұлтан есімді модель жігіт.

“Қазақтың бүкіл салт-дәстүрі, ою-өрнегі болсын, қамажайы, Абайы болсын, оның барлығы қазақ үшін қасиетті және киелі. Ол ұлттық дүниелермен ойнауға келмейді. Бұны жасап жатқан азаматтар қатты ойлану керек. Ертеңгі күні оның салдары өзінің, біздің келешек ұрпаққа зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан бүгін әсерін тигізбесе де, ертең үлкен кесір-кесапаттың бастауы болуы мүмкін”, – дейді Қоғам белсендісі Қарлығаш Бекпатшақызы.

Алайда барлығы тек осымен ғана шектелсе қане…

“Арақ-шарапқа ұлттық киім киген қаракөздеріміздің суретін жабыстырғаны былай тұрсын, арнайы бағдарлама арқылы суретті әндетіп, Абайдың әндерін мазақ еткен отандық өндірушілер бұл. Оған дейін де, арам судың қаптамасына Құран сүрелерін жазған, “Қара жорға” билеп тұрған қыздардың суретін қойған кәсіпкерлерді де көрген едік.Қалай десек те, шетелде ұлттық құндылықтарды қорлағандарға жаза ауыр.  Біздікіндей ескертумен шектелмейді, мұндайларды бірден бас бостандығынан айырып, түрмеге қамайды. Жоғарыдағы мысалдардан кейін, бізге де осындай заң артық болмас дейді, қоғам белсенділері”, – деп түйіндеді Еуразия бірінші арнасы.

Пікір жазу

Your e-mail address will not be published.
Required fields are marked*

7 + 5 =