Қарағандыда әйелімен ұрсып қалғаны үшін 2 жасар қызының мойнына пышақ кезеген ер адам сотталды

Қарағандыда әйелімен ұрсып қалғаны үшін 2 жасар қызының мойнына пышақ кезеген ер адам сотталды

Қарағандыда туған қызын кепілге алған әкесі 6 жылға сотталды. Әйелімен сөзге келіспей қалған ол 2 жастағы бүлдіршіннің мойнына пышақ тіреген, деп хабарлайды «Астана» арнасы.

2 жастағы балғын отбасылық жанжалдың құрбаны бола жаздаған жантүршігерлік оқиға, биыл сәуір айында болды. 3 баланың әкесі 34 жастағы Жанболат Айдарханов ренжіскен соң, қашып кеткен әйелінен татуласуды талап етіп, кенже қызын кепілге алған. Бүлдіршіннің тамағына пышақ тіреп, бір бөлмеге тығылып отырып алған.

Отбасылық драма мына үйдегі пәтерлердің бірінде болған. Әжесіне қашып келген әйелінен кешірім ала алмаған күйеуі, алдымен баласын өлтіретінін айтып, туыстарына сес көрсеткен. Оны райынан қайтара алмаған жақындары полиция шақырады.

Бұдан кейін ол мешітке баратын көлік талап етіп, кепілдегі қызын босатпастан, Алла үйіне келген. Осы жерде имам мен полиция жасағының келіссөзінен кейін ғана баланы босатқан еді. Полиция күдіктінің үстінен «адамды кепілге алу» бабымен қылмыстық іс қозғады. Бүгін 3 баланың әкесіне сот 6 жылға сотталатынын хабарлады.

«Ол кішкентай кәмелетке толмаған баласын кепілге алған. Қару қолданып. Бұл қоғамдық тәртіпке қарсы террористік қылмыс санатына жатқандықтан сот шартты түрде жаза тағайындамайды. Сот үкім шығарғанда Айдархановтың бұрын сотталмағаны, өзінің кінәсін толық мойындағанын ескерген», – Қарағанды облыстық сотының судьясы Еркеш Мәукен.

Психологтардың айтуынша, адамдардың мұндай өрескел әрекеттерге баруына көп жағдайда әлеуметтік, қаржылық қиындықтар себеп болады. Тұрмыс тауқыметінен жүйкесі жұқарған адамдар, проблеманы шешуде әлсіздік танытады.

Қарағандыда «Құқық қорғау қызметтерінің орталығы» да жұмыс істейді. Онда қорғаушы, прокурор, полицей және психолог мамандар қиын жағдайға тап болған тұрғындарға тегін көмек көрсетеді.

Санаттар: Жаңалықтар

Пікір жазу

Your e-mail address will not be published.
Required fields are marked*

15 − 8 =