Аналармен жанжалдасқан әкім орынбасары енді не істейтінін айтты

Аналармен жанжалдасқан әкім орынбасары енді не істейтінін айтты

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен неліктен көпбалалы аналармен жанжалдасып қалғанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Шыдамның да шегі бар. Бірақ эмоция тек осы видеода ғана емес. Ондай эмоция бұған дейін де көп болды. Маған қатысты, мемлекеттік қызметеркерлерге қатысты, жалпы шенеуніктерге қатысты. Енді эмоциямды ұстауға тырысамын», – деді Бақтияр Мәкен журналистерге берген сұхбатында.

Осы орайда әкімнің орынбасары сол күні жиналыста болған көпбалалы аналардың баспана мәселесін қалай шешуді жоспарлап отырғанын да айтты.

«Мен тек сол белсенді аналарға ғана пәтер алып берейін отырған жоқпын. Бүгінде мүлдем тұратын жері жоқ адамдар да бар. Енді біз меценаттарға өтініш жасап, осы адамдарға көмек беруді сұраймыз. Бірақ мемлекет заңсыз жолмен пәтер бере алмайды. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында 47 620 адам баспана кезегінде тұр. Біз оларды айналып, пәтер тарататын болсақ, дұрыс емес қой. Сондықтан бәрін заң аясында ғана жасауым қажет», – деп атап көрсетті Мәкен.

Айта кетейік, елорда әкімі орынбасарының көпбалалы аналармен кездесуінен түсірілген видео әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен еді. Онда Мәкен қалада ешқандай пәтердің жоқ екенін айтады, бұған ашуланған аналардың бірі бөтелке лақтырып, «өзіме қол жұмсаймын» деп айғайлайды. Осы кезде шенеунік те қызбалыққа салынып, ауыр сөздер айтып, аналармен жұмыс істеуден бас тартады. Видеоны мына жерден көруге болады.

Пікір жазу

Your e-mail address will not be published.
Required fields are marked*

3 × 4 =