Президентке Ашық хат – Адам тағдырын ойынға айналдырған лауазымдылардың заңсыз әрекеттеріне тосқауыл болуыңызды сұраймыз!

Президентке Ашық хат – Адам тағдырын ойынға айналдырған лауазымдылардың заңсыз әрекеттеріне тосқауыл болуыңызды сұраймыз!

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа

А Ш Ы Қ    Х А Т 

Құқық қорғаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының назарына!

Біз, қазіргі күні пара алуға оқталғаны үшін айыпталып жатқан Ислам Алмаханұлы Әбішевтың және Серік Түкиевтың қорғаушылары Абзал Құспан және Ерлан Макенов осы қылмыстық іс бойынша орын алып отырған заңсыздықтарға байланысты төмендегідей мәлімдеме жасаймыз:

Біздің қорғауымыздағы И.А.Әбішев және С.А.Түкиев 14.03.2019 жылы жалалы айыппен қамалғанға дейін «Дүниежүзілік қазақ күресі» Федерациясының (бұдан былай ДҚКФ) президенті, соңғысы вице-президенті қызметтерін атқарған еді. Соңғы он бес жыл көлемінде, осы кісілердің басшылығымен қазақ күресі бұрын соңды қол жетпеген жетістіктерге жетті. Атап айтатын болсақ, 46 мемлекет ДҚК Федерациясына мүшелікке енді, 7 мәрте әлем, 11 рет Азия біріншілігі өткізілді, қазақ күресі 5-ші Азия ойындарының бағдарламасына енгізілді. Одан басқа, ДҚК Федерациясы қазақ күресін халықаралық UWW (United World Wrestling – Әлем Күрестерінің Бірлестігі) одағына тіркеткен жалғыз ұйым!

Осы және басқа да атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, 2016 жылы ЮНЕСКО қазақ күресін адамзаттың мәдени мұраларының тізіміне енгізді.

Қорғауымыздағы азаматтардың айтуынша, осыған дейін еліміздің әртүрлі деңгейдегі лауазымды адамдары тарапынан ДҚК Федерациясын өздеріне беруді, сатуды талап етіп, бермеген жағдайда қылмысты болатындарын айтып, қоқан-лоққы көрсету фактілері болған. Олардың қатарында, белгілі кәсіпкер Арман Шораев, Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың аттары аталады. Бұл азаматтардың Қазақстан Республикасы шеңберінде әрекет ете алатын «Қазақ күресі федерациясына» қатыстары бар. Мақсаттары – дүниежүзілік қазақ күресі Федерациясын, қазақ күресі республикалық Федерациясына қосып, бір ұйымға айналдыру, осылайша Түкиев пен Әбішевтың жылдар бойғы еңбегін және халықаралық дәрежеде мойындалып қойған қазақ күресіне деген құқықты жеке өздері иелену.

Олардың табанды ұсыныстарынан бас тартқаннан кейін, зейнет жасына 2 ай қалған И.А.Әбішев және С.А.Түкиев ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес (СЖҚК) Ұлттық бюросының қызметкерлерімен «пара алуға оқталды» деген күдікпен ұсталды. Осыдан кейін СЖҚК Ұлттық бюросы қызметкерлерінің қысымымен 20.06.2019 жылы Әбішев те, Түкиевте ДҚК федерациясы басшылығынан өз еріктерімен бас тартатындары туралы арызға қол қоюға мәжбүр болады.  27.06.2019 жылы аталған ұйым басшысы болып СЖҚК Ұлттық бюросының басшысы А.Ж.Шпекбаев тағайындалады. Қазіргі кезде, осы жағдайға орай ДҚК Федерациясының мүшелігіне енген шет мемлекеттерден хаттар түсуде. Себебі, И.Әбішев те, С.Түкиев те ДҚК Федерациясы басшылығына 46 мемлекет өкілдері қатысқан конференцияда сайланған болатын, ал, А.Ж.Шпекбаевтың 7 күн ішінде өзін Федерация басшылығына тағайындап алғаны оларға да, бізге де түсініксіз болып отыр…

Осыған орай, қазіргі кезде қазақ күресін қолдарына алуға мықтап бекінген лауазым иелері өз мақсаттарына жетіп қойды деуге де болады. Олар Әбішев пен Түкиевті қаматты, соттың алғашқы отырысынан-ақ оның айыптау бағытында жүретіні белгілі болды (ол туралы бөлек мәлімдеме жасалатын болады). Енді Ақпарат министрі Д. Абаевты Республикалық қазақ күресі Федерациясына президент қылды. Олар осы шахматтық жүрістері арқылы, алда қазақ күресі үшін болатын таласта ақпараттық қолдауға ие болмақ. Яғни, Абаев мырзаның өкілеттігін пайдаланып, барлық БАҚ өкілдеріне осы іс төңірегінде ақпарат таратуға тыйым салуы немесе біржақты таратуға тапсырма беруі әбден мүмкін деп күдіктенеміз…

Бірақ, Қазақстандағы лауазым иелері қанша жерден өкілеттіктерін өз мақсаттарына асыра пайдаланса да, шетелдік ұйымдар мен БАҚ өкілдеріне тыйым салу еш мүмкін емес. Бұл мәселе қазірдің өзінде Республика аумағынан шығып, халықаралық жанжалға айналып келеді.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Сізден ел президенті ретінде осы істі бастан-аяқ өз бақылауыңызға алып, адам тағдырын шахмат ойынына айналдырған лауазым иелерінің заңсыз, құйтырқы әрекеттеріне тосқауыл болуыңызды және соттың барынша объективті өтуіне ықпал етуіңізді сұраймыз!

Қазақстандық БАҚ өкілдері, тәуелсіз блогерлер мен құқық қорғаушылар назарына:

         Біздің қорғауымыздағы азаматтарға қатысты қылмыстық іс қазір Нұр-Сұлтан қаласы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында қаралғалы жатыр. Басты сот талқылауы 14.10.2019 жылы сағат 11-00-ге тағайындалған.

Соттың барынша ашық әрі объективті өтуіне үлес қосуларыңызды сұраймыз!

Қорғаушылар:    А.Құспан

                            Е.Макенов

Comments

  1. Қолқоюсыз 8 Қазан, 2019, 22:21

    Мақалада аты аталған шенеуніктерді заң алдында жауап беруге міндеттеуіміз керек. Заң ортақ бəріне.

  2. Қолқоюсыз 8 Қазан, 2019, 22:24

    Елім деп еңіреп жүргендей көрінетін бұл шенеуніктерден талай нəрсе шығады екен ғой. дайын асқа тік қасық болып Аты әлемге әйгілі Федерацияны иелене салғысы келген екен ғой.

Пікір жазу

Your e-mail address will not be published.
Required fields are marked*

бес × 1 =