Тоқаевтың тапсырмасы орындалған жоқ – президенттің кеңесшісі

Тоқаевтың тапсырмасы орындалған жоқ – президенттің кеңесшісі

Президенттің штаттан тыс кеңесшісі, экономист Олжас Құдайбергенов зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты үкіметтің қазіргі ұсынысына үзілді-кесілді қарсы болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Президент зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана сатып алуға жұмсау мүмкіндігін қарастыруды тапсырған болатын. Ал еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ондай мүмкіндікті есепшотта 10-12 миллион теңгеден артық ақшасы бар адамдарға ғана беруді ұсынып отыр. Олардың саны – небәрі 102  мың адам», – деп жазды Құдайбергенов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Экономист осы ұсынысты әзірлеу жөніндегі жұмыс тобына кіргенін, бірақ қазіргі шешімге үзілді-кесілді қарсы болғанын да хабарлады.

«Сонымен, президенттің тапсырмасы орындалған жоқ. Жұмыс тобының мүшесі ретінде ол жұмыс тобының емес, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қабылдаған шешімі екенін мәлімдеймін. Қалай болғанда да, өз басым осы шешімге 100% қарсы болдым. Ал президентке халықтың 1%-ін емес, 99%-ін қанағаттандыратын шешім керек еді», – дейді Құдайбергенов.

Президентке қандай ұсыныстар енгізілді?

Күні кеше астанада өткен баспасөз мәслихатында вице-премьер Бердібек Сапарбаев президент әкімшілігіне екі ұсыныс енгізілгенін мәлімдеді.

Бірінші ұсыныс – зейнетақы жинағын баспана алу үшін пайдалануға арналса, екіншісі – салымның белгілі бір бөлігін ем-домға жұмсау. Оған тегін медициналық қызмет пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға кірмейтін емдеу шаралары жатады.

Сапарбаевтың айтуынша, бүгінде қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы – 73 жас. Осыған байланысты зейнетақы ақшасы нақты қанша жылға қажет болатынына да зерттеу жүргізілген.

«Біз тиісті есеп-қисап жасап шықтық. Қазақстандықтар зейнетке шыққаннан кейін шамамен 19-25 жыл өмір сүреді. Сондықтан біз әрбір адамның есепшотындағы қаржы зейнет жасына жете ме, жоқ па, осыны ескеруіміз керек. Өкінішке қарай, қазіргі кезде салымшылардың жартысының жинақ сомасы 1 миллион теңгеге жетпейді. Ал қажетті сома шамамен 10-12 миллион теңге болуы тиіс. Ондай азаматтардың саны – 102 мың адам», – деді Сапарбаев.

Зейнетақы жинағындағы ақша қандай сомадан бастап беріледі?

Кешегі баспасөз мәслихатынан кейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов зейнетақы жинағы қандай сомадан бастап берілетінін түсіндірді.

«Зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты тапсырманы былай қойғанда Қазақстанда «зейнетақы аннуитеті» деген бар. Оған сәйкес, ер адам 55 жасқа, ал әйел 51 жасқа жеткенде өз жинағын «зейнетақы аннуитеті» ретінде рәсімдеп, ақшаны ала алады. Бірақ ер адамдар – 10 миллион, ал әйелдер 12 миллион теңге жинауы шарт», – деді Нұрымбетов журналистерге берген сұхбатында.

Министрдің айтуынша, зейнетақы жинағын алу үшін осы «зейнетақы аннуитеті» болуы қажет. Сонда ол ақша адамды зейнетақымен қамтамасыз етуге жетеді. Мұның бәрі есеп-қисаптың негізінде жасалды.

«Бұл дегеніміз, адам өзін-өзі зейнетақымен қамтамасыз ету шегіне жетуі керек деген сөз. Ал одан артылған ақшаны басқа мақсаттарда жұмсауға болады деп ойлаймыз. Қазіргі ұсыныстар бойынша солай. Зейнетақымен қамтамасыз ету шегі бар. Одан артылғанды пайдалануға болады», – деді Нұрымбетов.

Осы орайда тілшілер нақты мысал келтіріп, сұрақ қойды. «Сонда әйел адамның есепшотында 12 миллион 100 мың теңге болса, тек 100 мың теңгені ғана алуға бола ма?», – деп сұрады журналистер.

«Иә, солай. Өйткені 12 миллион – бұл сізді өмірдің соңына дейін зейнетақымен қамтамасыз етуге қажетті жинақ. Олай болмаса, ақша зейнет жасқа жетпеуі мүмкін», – деп жауап берді министр.

Пікір жазу

Your e-mail address will not be published.
Required fields are marked*

2 + 3 =