Ресейлік БАҚ Қазақстанда Парламент сайлауы қашан өтетінін айтты

Ресейлік БАҚ Қазақстанда Парламент сайлауы қашан өтетінін айтты

Әлгінде Кремльдегі көп шендінің диктовкасымен жұмыс жасайтын «Россия 24» дейтін телеарна 2020 жылы әлемде өтуі тиіс деген маңызды саяси оқиғаларға, соның ішінде президенттік және парламенттік сайлауларға шолу жасапты, – деп хабарлайды abai.kz.

«Россия 24»: Сайлау 2020 жылдың наурызында өтеді

Сөйтіп, 1,5 минуттық ақпараттық анонста 2020 жылы Қазақстанда парламент сайлауы өтеді депті. Күнін көрсетпесе де, айын айтыпты. Наурыз да екен…

Президенттік сайлаулар АҚШ, Белоруссия, Тәжікстан мен Боливияда болады десе, парламенттік сайлаулар 14 елде өтеді депті. Соның бірі – Қазақстан-мыс.

Ойда-жоқта айтылған орыс ақпаратына біздің Мәжілістің депутаттары бір-бірлеп пікір айтып, ақпаратты терістеуге тырысыпты. «Zakon.kz» сайты жазған екен.

Депутаттар: Елбасы сайлау конституциялық мерзімде өтеді деген…

«Ресей, айтайын, асығыстыққа салынып отыр. Білесіздер, бізде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайлау конституциялық мерзімде, 2021 жылдың ақпанында өтетінін бірнеше мәрте айтты. Ал енді ол жақта ұзаққа созылған жаңажылдық демалыстан кейін кімнің басындағы қандай да бір ойға мен жауап бермеймін», депті Мәжілістегі егде жастағы депутаттардың бірі Владимир Божко.

«Мен ресейлік телеарнаға қатысты пікір айта алмаймын. Оның үстіне, мен ол туралы естіген де, көрген де жоқпын. Бірақ, біздің партияның саяси кеңесінің отырысында Елбасы мен Мемлекет басшысы сайлау конституциялық мерзімінде өтетінін айтқан болатын», дейді Мәжілістің вице-спикері Гүлмира Исимбаева ханым.

«Ешқандай да сайлауға дайындық жасалып жатқан жоқ. Барлығы штаттық режимде. Мәжілісте де солай. Ал «Нұр Отан» партиясының белсендісі ретінде айтарым, жалпы жаңа сайлауалды бағдарлама жазуға дайындық жасалып жатыр. Бұл енді, сайлауға қатысуға ниетті барлық партия жасап жатқан шаруа. Бұл жоспарлы жұмыс.

Сараптайықшы, наурыз айы дейді. Ресей бізге наурызда сайлау өткізіп беретін бопты-мыс. Ендеше, сайлау өтетіні туралы ақпарат қазір жариялануы керек. Содан соң, біз бар шаруаны ысырып қойып, соған қызу кірісуіміз керек. Сондықтан, бұл техникалық қателік және ресейлік журналистердің жауапкершіліксіздігі деп есептеймін», депті Павел Казанцев дейтін депутат.

Пікір жазу

<