Тұрғымбаев: заңсыз митинг кезінде ұсталған төрт адам жауапқа тартылды

Тұрғымбаев: заңсыз митинг кезінде ұсталған төрт адам жауапқа тартылды

Қазақстанда заңсыз митингтер кезінде 80-ге жуық адам ұсталған, олардың төртеуі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министр бас прокуратураның ескертуіне қарамастан, азаматтардың бір бөлігі заңсыз митинг өткізбекші болғанын атап өтті.

«Қоғамдық тәртіпті бұзудың алдын алу үшін тиісті шаралар қабылданды. Сексенге жуық азамат полиция органдарына жеткізілді. Профилактикадан кейін барлығы үйіне жіберілді», – деді Тұрғымбаев журналистерге берген сұхбатында.

Айтуынша, төрт адам әкімшілік жауапқа тартылған. Олардың біреуіне айыппұл салынса, үшеуі әкімшілік қамауға алынды – екеуі полицейлерге қарсылық көрсеткені үшін, ал біреуі заңсыз митинг ұйымдастырғаны үшін.

Бұған дейін бас прокуратура Қазақстан азаматтарын арандатушылыққа бой алдырмай, заңсыз акцияларға қатысудан бас тартуға шақырған еді.

Ведомство заңсыз митингке қатысқандар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы елде экстремистік ұйым ретінде танылған. Жетекшісі – қашқын банкир Мұхтар Әблязов.

Пікір жазу

<