Бауыржан Қарағызұлы: Орысшылдарға мемлекеттік тілдегі сайттар – өсек тіліндегі сайттар

Бауыржан Қарағызұлы: Орысшылдарға мемлекеттік тілдегі сайттар – өсек тіліндегі сайттар

Кейде оңаша қалғанда, ойың он саққа, санаң сан саққа бөлініп, біздің басқарушы биліктің білім, денсаулық, мәдениет, ақпарат саласына қатысты берекесіз, жүйесіз істеріне жының келіп, қаның қайнайды. Ел басына күн туғанда ғана «ойланып», данышпансып, ақылгөйсіп шыға келетініне таңқалмайсың! Неге таңқалмайсың?! Себебі, ақылға қонбайтын істеріне таңқалу, ашулану сезімінен айырылып қалғанбыз. Бәрін білесің. Көресің. Айтасың. Жазасың. Бәрі – бекер. Бәрібір өз білгендерін істейді. Таңқалмайсың! Әйтпесе, көп нәрсе айтылудай-ақ айтылып, жазылудай-ақ жазылып жатыр. Естір құлақ, ауырар жан болмаса, қайтесің?
Қош. Енді сіздерге сайттар мен порталдарды басқарған 8-9 жылдық азын-аулақ тәжирибеме сүйене отырып, әуелі білімге, сосын мәдениетке қатысты сайттар проблемаларының дәл қазіргі уақытта актуальды болып тұрған бірнешеуін ғана айтайын.

Біріншіден, ел бойынша мемлекет қаржыландыратын ондаған білім басқармалары, жүздеген білім бөлімдері бар. Олардың әр біреуінде әйтеуір бір өтірік шаблон сайт болады. Ол бірде жұмыс істеп, бірде жұмыс істемей тұрады. Ешкім қолданбайды. Қателеспесем, оның әрбіреуін кем дегенде 1-2 млн. теңгеге жасатқан. Оларға 500-600 мыңға техникалық қолдау үшін қаржы қарастырады. Алайда олардың ішінде іліп алатын контент жоқ. Былай айтқанда, түк пайдасы жоқ. Ел бойынша кетіп жатқан қаржыны есептеп көрсеңіз, күлейін десеңіз жылағыңыз келеді, жылайын десеңіз күлкіңіз келеді. Мұндай сайттар білім саласында ғана емес, мемелекеттік мекемелердің бәрінде бар.

Екіншіден, республика бойынша орталықтандырылған, оқушыға, ата-анаға, мұғалімге пайдасы тиетін, сапалы контентке толы жүз пайыз мемлекеттің қаржысына жасалған бірде-бір білім порталы жоқ. Былтыр ғана іске қосылған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жобасының бірі «Күнделік.кз» https://portal.kundelik.kz/ дегеннің өзі тұтынушылардың талабын толық орындап, қанағаттандыра алмай отыр. «Күнделік.кз» карантин кезінде жұмыс істемей әуре-сарсаңға салды. Қарапайым ғана онлайн түрде сабақ өткізуге қауқары болмады. Сасқалақтаған Білім және ғылым министрлігі «Zoom» топтық бейнебайланыс бағдарламасына жүгінді. Бір күн өте сала оны қауіпті деп танып, бірден тоқтатты. Оған да таң қалмайсың. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша жасалған «Күнделік.кз» жобасына қанша қаржы кетті екен?! Халықтың қаржысы ғой! Қайран ақша. Обал. Осы жерде Халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлектерінен құралған Bilim Media Group компаниясына алғыс айта кету керек, әйтеуір еліміздегі электронды оқыту нарығын дамытып, imektep.kz деген жақсы жоба жасады, кейін itest.kz ұлттық бірыңғай тестіге дайындалуға арналған онлайн платформа, бүгінде bilimland.kz деп аталатын интерактивті сабақтардан тұратын білім беру платформасын іске қосып отыр. Жақсы. Егер бұлар болмаса, «Күнделік.кз»-ке күніміз қарап, жүйкеміз тозып отырар ма едік? «Электронды үкімет» – қолжетімді үкімет деп жүргеніміз – Мемлекеттік қызметтер және ақпаратқа онлайн қызмет көрсеттетін egov.kz туралы айтпай-ақ қояын. Қан қысымыңыз көтеріліп кетіп жүрер))

Жә, үшіншіден, «Тамаша» деген телеарнаның не қажеті бар екенін түсінбеймін?! Құдай-оу, бұлар шоу-бизнес дамымай қалады деп уайымдай ма?! Одан да білім беру саласына арнайы телеарна қажет емес пе?! «Білім телеарнасы» деп ашылып еді. Оның түбіне жетті! Неге?! Білім қажет емес пе?! Білім арнасы тірі тұрса, күні бойы онлайн сабақтар өтпес пе еді?! Онлайн сабақты айтпағанда мұғалімдердің сабақта қолданатын презентациясына көрнекі құрал ретінде, дидактикалық материал ретінде кәсіби мамандар жасаған сапалы контенттер көп болар еді ғой. Бүгінде «Білім телеарнасының» қажетті екенін түсініп, өкініп отырған шығар деп үміттенемін!

Ал енді ешкім көрмейтін СТВ (бұрынғы – Рахат ТВ) телеарнасының не керегі бар?! Осындай сапасыз жекеменшік телеарналаға ақшаны неге бостан-босқа шашады? Түсінбеймін. Мәдени-танымдық бағытта ақпарат тарататын «Мәдениет» арнасын неге құртып жіберді?! Неге жауып тастады? Ұқпаймын. Әлде мәдениетті ыржың-тыржың шоу-бизнес деп түсіне ме?! Білмеймін. «Білім және Мәдениет» арнасының өмір сүруге құқы бар еді ғой? Оны да жауып тастады. СТВ сияқты қырт арналарға берген ақшаға «Білім және Мәдениет» арнасын жүргізе беруге болар еді ғой!

Карантин кезінде күйзеліске түскен халықты мәдениет құтқармай ма?!

Мәдениет демекші, осыдан тура 2 жыл бұрын «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының 1 жылдығы аясында өткізілген жиында «Мәдениет порталын» жалпы жұртшылыққа таныстырдық. Порталдың іске қосылғанына міне, бүгін екі жыл толып отыр. «Мәдениет порталын» қазақ елінің мәдени мұрасын заңды түрде бір жерге жинақтап және тұрақты түрде насихаттау үшін құрдық. Қатардағы бір WordPress платформасының шаблоны емес, арнайы мамандарға бала-шағамыздың аузынан жырып отырып, мініп жүрген көлігімізді сатып, өз қалтамыздан шығарып жасаттық. Әлі де оны жаңартып дамыта түсу керек деп ойлайсың, бірақ қаржыны қайдан аласың? Қолымыздан келгенше елге қажетті дүниені тырмысып жасап жатқанымызға мемлекет қолдау көрсетсе дейміз. Сол үшін әр түрлі мемлекеттік тапсырыстарға жарияланған конкурстарға қатысамыз. Солардың бірі – Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жылына екі рет өткізетін мерзімді баспасөз басылымдары (газеттер мен журналдар) мен интернет-ресурстарға арналған республикалық деңгейде мемлекеттік ақпарат саясатын жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырыс конкурсы. Бұл конкурсқа «Мәдениет порталы» үнемі қатысып келеді. Басында итке сүйек тастағандай азын-аулақ қаржы берген. Қазір мүлде бермейді. Неге бермейтіні туралы білмек болып, Ақпарат және коғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Сүйіндік Ләззат Кеңесқызына бірнеше рет бардым. Арқадан қағып шығарып салады. Бірақ нәтиже жоқ. Соңғы рет Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Ruslan Zheldibay Желдібай Руслан Сұлтанұлына бардым. Мәселенің мән-жайын ашып айтуын сұрадым. Руслан Желдібай ашығын айтты. «Мәдениет порталы» конкурстан өткен жоқ, оны мен шешпеймін, комиссияның қарауына жіберіледі, сосын жоғарғы жақтағы адамдар шешеді» деді. Сонда жоғарғы жақтағы Даурен Абаев пе? Әлде Маулен Ашимбаев па? Кім?! Жалпы неге қазақ тілді сайттарды алалайды. Менің түсінбейтінім неге орыс сайттарына (орыс тілді деп айту қате) миллиондаған қаржы тоқтаусыз құйылады?! Неге қазақ порталдар мен сайттар шеттетіліп қалады? Естуімше, Ақпарат және коғамдық даму министрлігінде арнайы тізім бар көрінеді. Мемлекеттік тапсырыс 80-нен астам сайттарға беріледі екен. Ол жерде түрлі топтардың ықпалындағы аты-жөні белгісіз адам білмейтін сайттар да жүреді деп естимін. Сол 80-ге тарта сайттың тізіміне ел мәдениетін насихаттап жүрген жалғыз «Мәдениет порталының» ілінбей қалатынына қайранмын. Мемлекеттік ақпарат саясатын жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырыс алып отырған сайттардың тізімі неге ашық жарияланбайды? Кімдер алып жатыр? Олар қандай материал ұсынды? Сапасы қандай? Қайдан көшірді? Қазіргі тендрдің материалдарының бәрі сапасыз. Қазір Интернет желісінің қазақ және орыс тілдеріндегі қазақстандық бөлігінде (Қазнет-те) қазақ тілінің қолданылу аясы орыс тілінен қарағанда көп. Бірақ ҚР Үкіметінің, ҚР Ақпарат және коғамдық даму министрлігінің қазаққа, қазақ тіліне қатысты ұстанған ақпараттық саясаты өзгеріссіз қалып отыр. Яғни, олар әлі күнге дейін орыс сайттарды қолдайды. Орыс тілінде жазатын журналистердің сөзіне құлақ асады. Қазақ тілді контентті менсінбейді, мойындамайды. Олардың даумуына да қолғабыс етпейді. Неге қазақ тілді сайттарға, мемлекеттік тілдегі сайттарға мемлекеттік тапсырыстарды көбірек бермейсіңдер десеңіз, «қазақ тілді сайттарда рейтинг жоқ» дейді. Рейтинг деген өсек-аяң, әнші-биші, құшнаштардың ішіп-жегенін көп жариялағаннан пайда болады. Орыс сайттары осындай тәсілге көп барады. Оған көз жұма қарайды. Рейтинг! Олар үшін орыс тілі мәдениет пен өнердің тілі, орыс тіліндегі ақпарат шынайы, шындық. Әлі күнге дейін орысты әулие көрген министірліктегілер қазақ сайттарын да сол етек басты әңгіме айтатын сайттар деп қабылдап алған. Өз өтірігіне өзі сенген орысшылдарға мемлекеттік тілдегі сайттар – өсек тіліндегі сайттар. Олар үшін қазақ тілі – өсек тілі. Сондықтан мемлекеттік тапсырыстың көп бөлігін орыс сайттарға береді де, қалған-құтқанды қазақ сайттарына итке сүйек лақтырғандай қылып мардымсыз дүниені бөліп береді. Оның өзі тізім бойынша.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ұлттық мәселеде мұндай ора-шолақ олқылықты түп-тамырымен құрту керек! Қазақ тіліне қатысты ұстанған ақпараттық саясаты қайта қарау керек! Көр-жерді жазып, рейтинг жинап алған орыс сайттарға қаржы құйып, олардың ұлтты деградацияға түсіретін қызметін шорт кесіп, саналы, салихалы контент ұсынатын салмақты сайттардың тізімін жасап, қаржылай көмекті соларға ұсыну қажет. Бұл мемлекеттің өз халқына, өз болашағына құйған инвестициясы емес пе?! Сіз не дейсіз?!

Бауыржан Қарағызұлы,

Фейсбук парақшасынан

Пікір жазу

<